Шалқар-Имантаудағы 46 демалыс орнының 13-і жаңғыртуды қажет етеді

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысы Шалқар мен Имантау көлдерінің жағалауында орналасқан демалыс нысандарына жүргізілген мониторинг нәтижесінде бірқатар кемшілік анықталды.

Фото: Айыртау ауданының әкімдігі

Айыртау ауданында орналасқан туристік нысандардың жай-күйі қайта тексеріліп, оларды дамытуға арналған 2026–2027 жылдарға арналған жол картасы әзірленді.

- Мамыр айында аудан әкімдігі, кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы мен жауапты мекемелер Шалқар және Имантау көлдерінің жағалауындағы демалыс орындарын аралап, олардың қазіргі жағдайына мониторинг жүргізді. 

Тексеру барысында аумақтарды абаттандыру, санитарлық жағдайды сақтау және туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша бірқатар кемшіліктер анықталды. Кейбір нысандарда құтқару бекеттері, медициналық пункттер, байланыс құралдары мен бақылау мұнаралары болмаған. Меншік иелері мен жалға алушыларға тиісті ұсынымдар беріліп, қазіргі уақытта анықталған заң бұзушылықтар жойылды, - дейді Айыртау ауданының әкімі Мейрам Меңдібаев.

Аудан әкімі Имантау-Шалқардағы 46 туристік нысанның 13-і қазіргі заманғы демалыс талаптарына толық сәйкес келмейтінін айтты. Бұл орындарда Тұрғын үйлерді жаңарту, санитарлық-гигиеналық тораптарды жақсарту, жағажайларды абаттандыру және материалдық-техникалық базаны күшейту қажет.

- Жол картасына сәйкес, «Арман», «Бастау», «Горняк», «Арлан», «Сүйін», «Ардагер», «Сабина», «Ақ бұлақ», «Шалқар», «Қарлығаш», «Аршалы» және басқа да демалыс орындарында жөндеу және жаңғырту жұмыстары жүргізіледі. Кейбір нысандарда ескі үйлер толықтай жаңасына ауыстырылса, бірқатар демалыс орындарында балалар және спорт алаңдары салынып, жаңа санитарлық-гигиеналық тораптар орнатылады.

Биыл туристік инфрақұрылымды жаңғырту бойынша 14 инвестициялық жоба іске асырылады, - дейді Мейрам Меңдібаев. 

Жоспарға сәйкес, «Имантау», «Қазығұрт», «Дом у озера», «Изумрудное», «Aytas», «Жемчужина», «Ажар», «Ақбар» және «Сказка» демалыс аймақтары кеңейтіледі. Мұнда жаңа коттедждер, жатын корпустар мен қонақ үйлер салу көзделген. Жалпы алғанда, биыл ауданның туристік инфрақұрылымын дамытуға 2,1 млрд теңге инвестиция тарту жоспарланып отыр.

Бұған дейін Имантау-Шалқар туризм аймағына сұраныс артып келе жатқанын жазған едік.