ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысындағы Шалқар көлінде автокөлігімен жүрген жүргізушіге айыппұл салынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, әлеуметтік желіге мониторинг жүргізу барысында 15 шілде күні «Toyota Camry» автокөлігінің судағы қозғалысы түсірілген бейнежазба жарияланғаны анықталды. Оқиға Шалқар көлінің жағасында болған.
«Ол көліктегі мемлекеттік тіркеу нөмірінің басқа автокөлікке тиесілі екені белгілі болды. 20 жастағы жүргізушіге ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 590-бабы 3-бөлігіне (көлiк құралына көрiнеу жалған немесе қолдан жасалған мемлекеттiк тiркеу нөмiрi белгiсін орнату) сәйкес әкімшілік хаттама толтырылып, айыппұл салынды», - деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда жол шұрық-тесік болғандықтан, автокөлік доңғалақтары жарылып жатқанын жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).