Бұл туралы ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
"Бүгінде кейбір аймақтарда қазақстандық радио арналардың өзі дұрыс ұстамайды. Оны бәріміз жақсы білеміз. Ал көрші елдердің радиосы жақсы істеп тұр. 2020 жылға дейін біз осы проблеманы шешіп, Шалқар мен Қазақ радиосын xалықтың 95 пайызына жеткізуді көздейміз. Биыл бір-екі облыстың мәселесін шешеміз деп ойлаймын. Әсіресе, Оңтүстік Қазақстан облысында осы проблеманы шешу керек", - деді Абаев қоғамдық кеңестің отырысында.
Айта кетейік, бүгін ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев қоғамдық кеңес мүшелері алдында есеп берді. Оның айтуынша, бір жылдың ішінде біраз жұмыстар атқарылды. Мәселен, отандық сериалдардың сапасы жақсарды. Қазіргі кезде Қазақстанда түсірілген сериалдарды Ресей, Қытай мен Қырғызстанның арналары өз жерінде көрсетіп жатыр.