«Шалқар» радиосы бүкіл форматын қайта қарап, түбірімен өзгерту қажет

АСТАНА. 15 ақпан. ҚазАқпарат  - «Шалқар» радиосы бүкіл форматын қайта қарап, түбірімен өзгерту қажет.  Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Гүлнәр Сейітмағанбетова осы мәселені көтерді.

Депутаттың  айтуынша, 40 жылдан астам уақыт бойы тыңдармандардың сүйіктісі болған «Шалқар» радиосының бүгінгі бет-бейнесі, форматы мүлде өзгерген. Бүгінгі «Шалқар» бұрынғы ұлттық құндылықтарының баршасынан айрылған, ол үздіксіз берілетін эстрадалық әндер мен арзан айғай-шудың радиосына айналған.

 «Шалқардың» хабарларын кезінде Қазақстаннан тыс Ресей, Қытай, Моңғолия, Өзбекстан, Қырғызстан, Ауғанстан, тағы басқа да шет елдерде тұратын қандастарымыз тыңдап келген еді. «Шалқар» ол кезде тек ақпарат көзі ғана емес, тыңдаған кезде туған жерге деген сағынышын басатын сырласы, елдің аңсаған көкірегін толтыратын күмбірлеген күйлер мен қазақы ән-жырдың ордасы да еді. Мұның бәрі «Шалқарда» бүгінде жоқ, радио үлкен дағдарыста», - дейді Г. Сейітмағанбетова.

Бұл ретте депутат «Шалқар» ұлттық арнасы - мемлекеттік тілде ғана хабар тарататын республикадағы жалғыз арна екенін, ендеше қазақ радиосының бай архивіндегі қазынаны халыққа ұсыну керектігін алға тартады. «Тыңдаған халық сусындап отыратын қайран Ғарифолла Құрманғалиевтің әндері эфирден берілмегелі қанша уақыт өтті?! Жәнібек Кәрменов пен Роза Бағланованың дауыстары ұмытылғалы қашан?! Қазақтың күмбірлеген күйлері қайда жоғалып кетті? Асылдарымыздың дауысы мен домбыраның күмбір үнін аңсаған халқымызға осы қазыналарымызды неге ұсынбаймыз? Олардың орнына бүгінде радио эфирінде күнделікті күйкі тірліктері мен ішкен-жегенін, арсыз күлкі мен тұрпайы махаббаттарының жай-жаспарларын жалпақ жұртқа жариялайтын мәнсіз тікелей эфир, таусылмайтын туған күн мейрамы, эстрадалық әуен, шеті жоқ жарнама пайда болыпты», - дейді Г. Сейітмағанбетова.  

Бұдан бөлек, қазіргі таңда ақпарат құралдарына мемлекет тарапынан барлық мүмкіншіліктер жасалғанын айтқан депутат, «Шалқар» радиосы бүкіл форматын қайта қарап, түбірімен өзгерту қажеттігін алға тартады. «Отаншылдық, патриотизм, елді, жерді, тәуелсіздікті құрметтеу сияқты қасиеттер ұрпағымыздың бойында болсын десек, мемлекеттік арналарда насихат тиімді жүргізілуі керек. Ол үшін білікті мамандардан тиісті топ құрып, мемлекеттік БАҚ құралдарының, соның ішінде радио мен теледидарлардың берілу форматын қарап, оның мән-мазмұнын зерделеу қажет», - дейді ол.