Бұл туралы Қазақ радиосының баспасөз қызметі хабарлады.
Осы тұрғыдан алғанда «Шалқар» радиосы халқымыздың мұңын мұңдап, жоғын жоқтап, ұлттық құндылықтарды дәріптеп, тілі мен ділін, дінін, әні мен сазын, әдеті мен ғұрпын, салт-санасы мен дәстүрін кеңінен насихаттап келеді. Жаңа маусымда арналып дайындалған радиохабарларда да осы мәселелер ұлттық арнамыздың негізгі нысанасы болып отыр. Радижурналистер дайындаған жаңа хабарларда тыңдарман қауымның талғамына сай келетін, тәрбиелік маңызды дүниелермен қатар, еліміздің экономикалық, индустриалды-инновациялық даму жолын сөз ететін мәселелер қамтылады.
«ЭКСПО.KZ»
«Экспо-2017» көрмесін өткізудің ел тарихы үшін маңыздылығы тілге тиек етіледі. Хабарға қатысқан сарапшылар тұңғыш рет қазақ елінде өтетін халықаралық көрменің ерекшелігі, осыған байланысты салынатын нысандар, іске асатын жобалар мен атқарылып жатқан жұмыстардың мән-жайын баяндайды.
«Шалқар шаңырағында»
Шалқардың шаңырағына қонаққа келген танымал тұлғалар ұлт болып ұйысу, ұлттық құндылықтар мен ұрпақ тағылымы жайында әңгіме қозғайды. Тікелей эфирден өтетін 30 минуттық хабар барысында «Шалқар» радиосының тыңдармандары келген мейманға осы мәселеге байланысты көкейінде жүрген сауалдарын қоя алады.
«Ұлттың жаны- ұ лт тарихы»
Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаев «Тарих толқынындағы халық» атты тарихи зерттеулердің арнайы бағдарламасын жасауды ұсынған болатын. Осыған орай Еуразия ұлттық универсиетінде сөз сөйлеген Мемлекеттік хатшы Марат Тәжин өз тарихымызды електен өткізіп, тұтастай ұлттық тарихи картинаны жасауымыз қажеттігін қадап айтқан еді. Хабарға қатысатын белгілі тарихшылар мен ғалымдар Мемлекеттік хатшы Марат Тәжиннің тапсырмасының іс жүзінде қалай жүзеге асып жатқаны жайында әңгімелейді.
«Сал домбыра»
Кез келген елдің ұлттық табиғаты мен болмыс-бітімін айқындайтын дүниесі - оның төлтума мәдениеті. Соның ішінде ән өнерінің алатын орны ерекше. Осы тұрғыдан алғанда «Сал домбыра» хабары «Шалқар» арнасындағы ұлттық музыканы насихаттайтын бірегей жоба болғалы отыр. Хабар барысында ұлтымыздың ән өнерінің тарихы, сан қырлы табиғаты туралы әңгіме қозғалады. Хабарға дәстүрлі әншілер қатысып, әншілік мектептердің тарихына тоқталады, оның халыққа жету жолы туралы баяндайды.
«Жеті ғасыр жырлайды»
Жыраулар өз шығармаларын ақыл-нақыл, өсиет түрінде айтқан. Олардың толғауларының негізгі тақырыптары - туған жерді, елді сүю, Отанды қорғау, елді бірлікке шақыру, адамгершілік қасиетті насихаттау. Халқымыздың сан ғасырлық өмірін өнер өрнегіне, ақыл сөзіне бейнелеп түсірген, өшпес мұрамызды тыңдарман қауымға дикторлардың оқуында ұсынамыз. Халқымыздың ұлт болып ұйысуында айрықша орны бар ақын-жырауларымыздың таңдаулы жыр жауһарлары аптасына үш рет 10 минуттан беріліп отырады.
«Жүзден жүйрік»
Ұлттық-танымдық интерактивті хабар. Бағдарлама барысында өнер әлемі, ұлттық мәденит, тарихқа қатысты тыңдарман танымын арттыратын сұрақтар қойылады. Және қазақ кинолары мен әндерінен үзінді жасырылып, бағдарлама ойын түрінде өтеді.
«Ойталқы» радиоконференция
Айтулы даталарға, мемлекеттік маңызды оқиғалар мен ұлттық бірлікке, Алаш идеясына негізделген радиоконференция. Бұл бағдарламаға кем дегенде 3 адам қатысып, белгілі бір тақырып жөніндегі ойларын ортаға салады. Хабарға тарихшы ғалымдар, ел ағалары, әдебиетші мамандар мен зерттеушілер шақырылады.
«Мамандық әлемі»
Бағдарламаның баста мақсаты - түрлі мамандықтар туралы ақпарат беріп, әр мамандықтың қыр-сырын түсіндіру. Өз ісінің нағыз маманы атану екінің бірінің еншісіне бұйырмаған. Ол үшін ең алдымен мамандығыңызға деген махаббат керек. Өз ісіңді таңдар алдында қандай мамандықтар бар екендігін және бұл мамандықтың не үшін керек екендігін түсіндіріп, мамандық жайлы толық түсінік беріледі. «Маман иесі не істейді?», «Оның қызметінің нәтижесі неге алып келеді?», «Маман иесі қандай жағдайда жұмыс істейді?» деген сұрақтарға жауап беріледі.
«Қазына» радиоойыны
Кітап оқу - бұл тек бос уақытты өткізу ғана емес. Сонымен бірге тұлға болып қалыптасуға орасан зор көмегі тиетін пайдалы іс. Сондықтан радиоойынның мазмұны қазақтың ақын-жазушыларының қазынаға толы шығармаларын тыңдармандарға оқытып, сол шығармаға байланысты сұрақ қою арқылы жеңімпазды анықтау. Мәселен, «Шұғаның белгісі» шығармасы бойынша сұрақтар қойылады, сол хабарда ең көп сұраққа жауап берген жеңімпазға сый-сияпат табысталады.