Шәмші Қалдаяқов атындағы Мәдениет үйі Жетекші ауылына жаңа серпін берді

ПАВЛОДАР.KAZINFORM - Павлодар облысындағы Жетекші ауылында көрнекті композитор, қазақ вальсінің королі Шәмші Қалдаяқовтың есімі берілген жаңа Мәдениет үйі ауыл өміріне тың серпін әкелді.

Фото: Валерии Бугаев

Ауыл тұрғындары мен мәдениет саласының қызметкерлері бұл нысанның ашылуын өңір үшін маңызды оқиға ретінде бағалап отыр. Мәдениет үйінің директоры Бағдат Сатимовтың айтуынша, жаңа ғимарат ашылған сәттен бастап ауыл тұрғындарының бас қосатын мәдени орталығына айналған.

– Ғимарат шығармашылық жұмыстарға қажетті заманауи құрал-жабдықтармен толық қамтылған. Мұнда музыкалық аспаптар, сахналық жарықтандыру жүйесі, үлкен LED-экран орнатылған. Сонымен қатар желдету жүйесі мен өрт қауіпсіздігі талаптарына ерекше көңіл бөлінді. Ыңғайлы грим бөлмелері, үйірмелер мен студияларға арналған кең кабинеттер қарастырылған. Заманауи акустика концерттер мен қойылымдардың сапасын арттырып, көрерменге ерекше әсер сыйлайды. Мұның бәрі ауыл тұрғындары үшін шынайы мәдени ортаның қалыптасуына мүмкіндік береді, – дейді Бағдат Сатимов.

Жалпы аумағы 1 500 шаршы метр болатын Мәдениет үйінің құрылысы екі жылға созылды. Нысанда 300 орындық кең көрермен залы бар.

Қазіргі таңда мұнда вокал, домбыра, хореография және қолданбалы өнер үйірмелері жұмыс істейді. Балалар үшін мультфильм көрсетілімдері ұйымдастырылса, ересектерге киносеанстар өткізіледі. Сонымен қатар демалыс күндері 80–90-жылдардағы танымал әндерге арналған музыкалық кештер өтеді.

Мәдениет үйі ұжымы алдағы уақытта жаңа жобаларды жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Солардың бірі – ауыл тұрғындарына арналған «Ауыл кеші көңілді» атты концерттік бағдарлама. Жоба аясында отандық эстрада жұлдыздарын шақыру көзделіп отыр.

– Бұл жобаны жаз мезгілінде өткізуді жоспарлап отырмыз. Қонақ болатын өнер жұлдыздарының есімдері әзірге құпия, – деді мәдениет үйінің директоры.

Сонымен қатар мәдениет үйінде Қазақстанның халық әртісі, белгілі композитор Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылығына арналған ән байқауын өткізу жоспарланып отыр.

– Байқауды дәстүрлі түрде өткізуді көздеп отырмыз. Алғашқы кезеңі тек ауыл тұрғындары арасында ұйымдастырылады. Шәмші Қалдаяқовтың үш жүзге жуық әні бар, оның шығармалары қазақ эстрадасының алтын қорына енген. Байқауды сәуір айында өткізуді жоспарлап отырмыз, – деді Бағдат Сатимов.

Айта кетейік, Жетекші ауылындағы Мәдениет үйінің құрылысы ауылдық аумақтарды кешенді дамыту бағдарламасы аясында жүзеге асырылды. Бүгінде ауылда үш мыңнан астам адам тұрады. Көп жылдан бері тұрғындар сұранысында болған мәдени нысан енді ауылдың қоғамдық-мәдени өмірінің негізгі орталығына айналмақ.