Шандақсор су қоймасында балық қырылды: шығын көлемі 1,2 млн теңгеден асады

Фото: Фото: «Зайсан-Ертіс облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы»

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Мамандар Екібастұздағы №2 ГРЭС стансасына қарасты Шандақсор су қоймасынан 521 килограм өлген балық жинап алды.

Бұл туралы «Зайсан-Ертіс облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы» РММ Павлодар облысы бойынша балық инспекциясы бөлімінің басшысы Самал Темірболатова Kazinform тілшісіне хабарлады.

- Арнайы құрылған комиссия 22 мамыр күні Шандақсор су қоймасында болып, жинап алынған өлі балықтың жалпы салмағы 521 килограм (торта, таутан, алабұға) екені анықталды. Ал су жануарлары дүниесіне келтірілген шығын көлемі - 1 229 143,2 теңге. Екібастұз қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының өкілдері судан, ал ветеринарлық станса мамандары қырылған балықтан сынамалар алды. Сынамалар зертханаларға жіберілді. Нәтижесі шамамен бір аптадан соң белгілі болады, - деді Самал Балташқызы.

Мамандар балықтың қырылуы судағы жоғары температураның салдары (шамамен) болуы мүмкін деген алдын ала болжам жасап отыр. Су қоймасындағы температураны өлшеу барысында ол нормалық шекте - 26-27ºС болған. 

«Зайсан-Ертіс облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы» Павлодар облысы полиция департаментіне аталған оқиғаға кінәлі тұлғаларды анықтау және жауапкершілікке тарту туралы хат жөнелтті.

Бұған дейін Екібастұздағы Шандақсор су қоймасында балық қырылып жатқаны туралы жазған едік.