АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Швецияның Фалун қаласында шаңғы спортынан әлем чемпионаты мәреге жетті.
Ерлер арасындағы ең ұзақ қашықтық - 50 километрлік классикалық жарыста қазақстандық шаңғышылар да сынға түсті. Қазақстан құрамасының көшбасшысы Алексей Полторанин бұл бәсекеде үнемі алдыңғы саптан көрініп отырды. Үздіксіз қар жауғандықтан, шаңғышыларға жарысу оңайға тиген жоқ.
Бәсекенің ең соңғы бөлігінде ұшқырлық танытқан атақты норвегиялық Петтер Нортуг чемпион атанса, чехиялық Лукаш Бауэр екінші, швециялық Йохан Ольссон үшінші келді. А.Полторанин тағы бір норвегиялық Дидрик Тёнсетпен бірдей нәтиже көрсеткенімен, фотомәре қорытындысы бойынша қазақстандық шаңғышы жетінші орынға көтерілді. Қазақстандық шаңғышылардың үнемі шаң қауып қалатынын ескерсек, бұл жаман нәтиже емес.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).