АСТАНА. ҚазАқпарат - Италияның Валь-ди-Фьемме қаласында «Тур де Ски» кезеңінде қазақстандық Алексей Полторанин жеңімпаз атанды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
Әлем кубогы кезеңі болып саналатын 15 км қашықтықта классикалық әдіспен көпшілік жарыста А.Полторанин бірден көш бастаушылардың қатарында болды. Содан кейін 10 километрге жақындағанда, қарқынды үдетіп, алға шықты. Ал мәреде тамаша жылдамдық көрсетіп, бірінші болып өтті.
Айта кетейік, бұл - А.Полтораниннің биылғы маусымдағы үшінші жүлдесі. Бұдан бұрын ол 17 желтоқсан күні Италияның Тоблах қаласында әлем кубогы кезеңінде 15 км қашықтықта классикалық тәсілмен ізге түсіп жарысуда қола жүлдегер атанса, жаңа жыл алдында Ленцерхайдеде (Швейцария) «Тур де Ски» кезеңінде классикалық әдіспен 15 км қашықтықта жүгіруде мәреге екінші болып жеткен болатын.
Осылайша, Алексей Полторанин Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында өтетін қысқы олимпиада ойындары қарсаңында өзінің бабында екендігін дәлелдеп келеді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).