Шаңғы спорты: А.Полторанин «Тур де Ски» көпкүндік жарысында бесінші орынды иеленді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Италияның Валь ди Фиемме мекенінде Альпе де Чермис тауында шаңғы спортынан «Тур де Ски» көпкүндік жарысының қорытынды, сегізінші кезеңі мәреге жетті.

МАТЧ ТВ телеарнасынан тікелей эфирде көрсеткеніндей, еркін әдіспен 9 шақырымдық бұл жарыста норвегиялық Мартин Йонсруд Сундбюдің бірінші орынды ешкімге бермейтіні алдын ала белгілі болды. Өйткені ол көпкүндік жарыстың соңғы кезеңі алдында екінші орындағы Петтер Нортугтан 2 минут 51.5 секунд алда тұрған-ды. Ал үшінші сатыға қазақстандық Алексей Полторанин көтерілген-ді. Бұдан кейін олардан ресейлік Сергей Устюгов, тағы бір норвегиялық Финн Хаген Крог сәл қалып келе жатқан. Міне, соңғы жарыста күміс және қола жүлде үшін бәсеке осы төрттіктің арасында өрбіді. Әрине, олардың қай-қайсысына да тауға қарай өрлеу оңай тиген жоқ. Алдымен қазақстандық шаңғышы төрттікті бастап, алға шықты. Бірақ көп ұзамай ресейлік С.Устюгов пен норвегиялық Финн Хаген Крог мықтылық танытып, А.Полторанин мен П.Нортугтан ұзап кетті. Сөйтіп қорытындыда М.Сундбю өз спорттық жолында үшінші мәрте қатарынан бас жүлдені жеңіп алса, Финн Хаген Крог екінші, С.Устюгов үшінші орынды иеленді. Мәреге жақындағанда, ұшқырлық көрсеткен П.Нортуг төртінші, А.Полторанин бесінші келді. Бұл - қазақстандық шаңғышы үшін жақсы көрсеткіш. Өйткені бұған дейін «Тур де Ски» жарысында Алексей мұндай жоғары орынға көтеріліп көрген емес. Сондықтан алдағы әлем кубогы жарыстарынан А.Полтораниннен тағы да жүлде күтуге әбден болады.