АСТАНА. ҚазАқпарат - Швейцарияның Ленцерхайде мекенінде шаңғымен жүгіруден жалғасып жатқан «Тур де Ски» көпкүндік жарысының екінші кезеңінде ерлер арасындағы классикалық стильмен 30 км қашықтықта Қазақстанның маңдайалды спортшысы Алексей Полторанин бесінші орынды иеленді.
Vesti.kz сайтынан алынған мәліметке қарағанда, барлық жүлделі орынды норвегиялық шаңғышылар еншіледі. Мартин Йонсруд Сундбю жеңімпаз атанса, Петтер Нортуг пен Дидрик Тонсет екінші, үшінші орынды бөлісті. А.Полторанин жарыс жеңімпазынан 38,6 секундқа қалып қойды.
Әлемнің көшбасшы шаңғышыларымен тайталасып жүрген Алексей қазір 28 жаста. Соңғы «Тур де Ски» жарысында бір кезең жеңімпазы атанса, тағы бірінде күміс жүлдегер атанған еді. Сонымен қатар 2013 жылы екі мәрте кезең жеңімпазы атанған еді. Өзінің сөзіне қарағанда, ендігі мақсат - осы көрсеткішті жақсарту. Әрине, норвегиялықтармен жалғыз күресу қиын. Оларды ұту үшін жақсы дайындық керек.
Айта кетейік, А.Полторанин - әлем чемпионатының 2013 жылғы қола жүлдегері, сонымен қатар Азия ойындарының төрт дүркін жеңімпазы.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).