АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Италияның Валь ди Фиемме қаласында «Тур де Ски» көпкүндігінде 15 шақырым қашықтықта ерлер арасында классикалық әдіспен шаңғы жарысы мәреге жетті.
Қазақстандық Алексей Полторанин өзінің сүйікті қашықтығында жақсы өнер көрсете білді. Үнемі алдыңғы лекте болған Алексей мен соңғы сәттерде ұшқырлық танытқан неміс шаңғышысы Тим Чарнкенің қайсысы жеңімпаз атанғанын фотомәре ғана анықтады. Сөйтіп шаңғысының ұшы сәл алда болған Т.Чарнке чемпион атанса, А.Полторанинге күміс жүлде бұйырды. Швейцариялық Дарио Колонья үшінші орынды еншіледі.
Ертең «Тур де Ски» көпкүндігінің соңғы жарысы болмақ. Шаңғышылар 9 шақырым қашықтыққа еркін әдіспен жарысады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын осы көпкүндікте А.Полторанин классикалық әдіспен 10 км қашықтықта жеңімпаз атанған болатын.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).