ОРАЛ. 11 ақпан. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Еліміз спортшылары биылғы қысқы Азия ойындарында көп олжа салған спорт түрі - шаңғымен бағдарлауды Батыс Қазақстанда да дамытуға мүмкіндік мол.
Бұл туралы облыстық балалар мен жасөспірімдер туризмі және экология орталығының директоры, педагогика ғылымдарының кандидаты Виктор Фомин мәлім етті.
Оның айтуынша, аяққа шаңғы іліп, қолыңа карта алып, жорыққа шықсаң, бәрін де ұмытасың. «Мен 17 шақырымнан астам жолдан қалай өткенімді білмей қалдым. Нағыз бағдарлаушылар картаға қарамай-ақ жол таба алады. Бұл спорт түрін балаларға мектеп қабырғасынан үйрету қажет», дейді ол.
Осы мақсатта «Еуразия» туристік-сауықтыру орталығында арнайы жарыс өткізіліп, оған қала мектептері мен кәсіптік лицейлер өкілдері қатысты. Олар жас ерекшеліктеріне сынға түсті. Мұндай деңгейдегі жарыс облыста тұңғыш рет ұйымдастырылды. Биылғы жылдың спорттық бағдарлау жылы болып жариялануы да бұған серпін берді.
Барлығы 17 команда құрамында 186 адам қатысқан сайыс қорытындысында №6 кәсіптік лицей жеңімпаз атанса, «Жас дәурен» балалар кешені - екінші, Батыс Қазақстан инженерлік-технологиялық колледжі үшінші орынды еншіледі.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).