Шаңғышы Иван Люфт Австрияда өткен FIS старт сайысында топ жарды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Шығысқазақстандық спортшы Австрияның Сант-Ульрихам қаласында өткен халықаралық FIS старт сайысында классикалық әдіспен жүгіруде алтын медаль иеленді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Бұл туралы ШҚО Дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметінен Елжан Қайыржанов мәлім етті.

«Аталмыш бәсекеде барлығы 72 шаңғышы жарыс жолына шықты. Олардың қатарында ШҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының «ШҚО қысқы спорт түрлері бойынша жоғары спорт шеберлігі мектебі» КММ-нің тәрбиеленушісі Иван Люфт болды. Мәре сызығын 26.55.0. уақытымен кесіп өткен ШҚО шаңғышысы тұғырдың ең биік сатысынан көрінді. Жүлде үшін таласта Иван Люфт қос бірдей француз спортшысынан айласын асырды», - деп хабарлайды Елжан Қайырханов.

Еске сала кетсек, бұл шығысқазақстандық шаңғышының алғашқы жүлдесі емес. Бұған дейін Финляндияның Контиолахти қаласында өткен халықаралық FIS старт жарысында Иван 10 шақырымды классикалық әдіспен жүгіруде топ жарған болатын.

Фото sportvko.gov.kz