Шанхай интернет-контент орталығына айналуды көздейді

Фото: Синьхуа

АСТАНА. KAZINFORM — Шанхай қаласының билігі мегаполисті сапалы интернет-контент өндіретін халықаралық орталыққа айналдыру мақсатында жаңа қолдау шараларын жариялады. Бұл туралы Kazinform Синьхуа агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Құжатқа сәйкес, Хуанпу және Янпу аудандары жаһандық контент өндіру кластерін қалыптастыру үшін пилоттық аймақтар ретінде белгіленді. Жоғары тиімділік көрсеткен цифрлық платформалар, инкубаторлар мен индустриялық парктер жыл сайын 10 миллион юаньға дейін (шамамен 1,4 млн АҚШ доллары немесе 733 млн теңге) қолдау ала алады.

Негізгі қолдау шараларына мыналар кіреді:

  • шетелдік контент-мейкерлер үшін виза рәсімдеу тәртібін жеңілдету;

  • мәдени нысандар мен көрнекті орындарды түсірілімге ашу;

  • халықаралық форумдар мен байқаулар ұйымдастыру.

Сонымен қатар, жасанды интеллект саласындағы жобалар жалпы шығындардың 30 пайызына дейін субсидия ала алады. Ал жеке авторлар үздік туындылары үшін 100 мың юаньға дейін (шамамен 14 мың доллар немесе 7,3 млн теңге) грантқа үміткер бола алады.

Сала өкілдеріне жеңілдетілген несие, коворкинг кеңістіктері, жас мамандарға қызметтік баспана, шығармашылық мамандықтар бойынша сертификаттау рәсімдерін жеңілдету сияқты мүмкіндіктер де қарастырылған. Талантты контент авторлары Шанхайдың кадрлық ынталандыру бағдарламаларына қатыса алады.

Айта кетейік, бұған дейін Шанхай мен Алматының достас қала атанғаны хабарланған болатын.