Іс-шараға ШЫҰ-ға мүше елдердің үкіметтері, сараптамалық орталықтары, ірі компаниялары, жоғары оқу орындары мен салалық қауымдастықтарының өкілдері, шамамен 500 адам қатысады.
Қытай Мемлекеттік деректер басқармасы басшысының орынбасары Юй Иннің айтуынша, форум бағдарламасына министрлер кездесуі, ашылу салтанаты, пленарлық отырыс, төрт тақырыптық қосалқы форум және басқа да іс-шаралар кіреді.
Министрлер цифрлық саладағы үкіметаралық ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылайды. Сондай-ақ қатысушылар ШЫҰ елдерінің 2026–2027 жылдарға арналған цифрлық экономика саласындағы ынтымақтастығының басым бағыттарының тізімін әзірлейді.
Жекелеген сессияларда цифрлық байланыстылық, электронды сауда және көлік-логистикалық дәліздерді дамыту мәселелері қаралады. Сонымен қатар сарапшылар өнеркәсіпте цифрлық және зияткерлік технологияларды қолдану, цифрлық басқару және цифрлық дағдыларды дамыту тақырыптарын талқылайды.
Іскерлік бағдарлама интерактивті көрме және компания өкілдерінің кездесулерімен толықтырылады. Қатысушылар жергілікті цифрлық жобалар мен кәсіпорындардың жұмысымен таныса алады.
Соңғы жылдары ШЫҰ күн тәртібінде цифрлық экономика бағыты маңызды орын алған. 2025 жылғы қыркүйекте Тяньцзиньде өткен ұйым саммитінде мүше мемлекеттердің көшбасшылары цифрлық экономиканы дамыту туралы мәлімдеме қабылдаған еді.
Еске сала кетейік, маусым айында Қытай астанасы Бейжің қаласында Шанхай ынтымақтастық ұйымының құрылғанына 25 жыл толуына арналған салтанатты қабылдау өтті.