Шанхай ынтымақтастығы ұйымы елдерінің Ішкі істер министрлері Екатеринборда кездесті
12:09, 19 Мамыр 2009
МӘСКЕУ. Мамырдың 19-ы. ҚазАқпарат /Арнұр Рахымбеков/ - Дүйсенбі күні Екатеринборда Шанхай ынтымақтастығы ұйымы елдерінің Ішкі істер минстрлерінің кеңесі өтіп,
оның қорытындысы бойынша трансұлттық қылмыспен күресу саласындағы өзара іс-қимылдар мәселелері бойынша бірқатар хаттамаға қол қойылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Кеңеске Қазақстанның Ішкі істер министрі Серік Баймағанбетов те қатысты. Қабылдаушы жақтың өкілі Ресейдің Ішкі істер министрі Рашид Нұрғалиев, «кездесудің қорытындысын өте сындарлы деп бағалайтынын» мәлім етті. «Әрқайсымыз әр түрлі тілде сөйлегенімізбен, кәсіби тіліміз ортақ болды», - деді Р.Нұрғалиев. Оның айтуынша, кеңесте талқыланған жағдайлардың көпшілігі «трансшекаралық мәселелер». Ресей министрінің айтуынша, мемлекеттердің газ құбырлары мен мұнай құбырларының қауіпсіздіктерін қамтамасыз ету және оларды қылмыскерлердің қол сұғушылықтарынан қорғау, есірткі бизнесімен күресу, лаңкестікпен, экстремизммен және киберқылмыспен күресу, қылмыстық жолмен табылған кірістерді заңдастыру фактілерінің жолын кесу жөніндегі өзара іс-қимылдарына қатысты шешімдер қабылданды. Естеріңізге сала кетейік, маусымның 14-15-інде Екатеринборда Шанхай ынтымақтастығы ұйымы елдерінің мемлекет басшыларының саммиті өтеді.