Шанхайда қазақ студенттерінің аймақтық жастар ұйымы құрылмақ
ҚР бас консулы Әбділманап Қәрібеков өзінің алғы сөзінде биылғы жылы EXPO-2010 дүниежүзілік көрмесі өтіп жатқандығын айтып өтті. Осыған байланысты Шанхай қаласында білім алатын стипендия иегерлеріне Азияның ең үздік білім беру мекемелерінде дәріс алып, сол білімдерін Қазақстанның гүлденуі жолында пайдалануға үлкен мүмкіндіктері туып отыр.
«Қазақстан Үкіметі қазіргі таңда индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын, білім беруді дамытудың мемлекеттік бағарламасын, сонымен қатар республикамыздың дамуына бағытталған басқа да бағдарламалар мен реформаларды жүзеге асыруда. Және де осы салада «Болашақ» бағдарламасы стипендиясының иегерлеріне көп назар бөлінеді», - деп атап өтті бас консул.
Сонымен қатар, қазір Шанхай қаласында бейресми жұмыс істеп отырған «Kazakh connection» қазақ жастарының қоғамдастығы негізінде Шанхай қаласында студенттердің аймақтық жастар ұйымын құру туралы мәселе жан-жақты талқыланды.
Стипендия иегерлері талқылауға белсенді түрде атсалысып, осы жобаны жүзеге асыру туралы бірауыздан шешім қабылдады.
«Қазіргі таңда Бейжің, Шанхай, Нанкин қалаларындағы әлемдегі алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарында «Болашақ» бағдарламасы бойынша 71 студент білім алуда. 2010 жылы осы университеттерді 34 стипендия иегері аяқтаған болатын», - деп атап өтті Қытайдағы «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ өкілдігінің директоры Қ.Ерманов.