Шанхайда ҚР Тәуелсіздік күнін мерекелеуге орай ресми қабылдау өтті

ГУАНЧЖОУ. 13 желтоқсан. ҚазАқпарат - Шанхайда ҚР Тәуелсіздік күнін мерекелеуге орай ресми қабылдау өтті.

Шанхайдағы ҚР елшілігінің бас консулдығымен ұйымдастырылған салтанатты шараға Шанхайда аккредитацияланған жергілікті ресми, іскерлік, ғылыми, қоғамдық орта, БАҚ, сондай-ақ шетелдік дипломатиялық корпустың, қазақ диаспорасының өкілдері және Шанхайда білім алатын, тұратын қазақстандықтар қатысты.

ҚР Бас консулы Ғабит Қойшыбаев тәуелсіздік жылдарында Қазақстанның жеткен жетістіктері жөнінде әңгімеледі.

Ол биыл Қазақстан мен Қытай арасында дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 20 жыл толғанын айтты.

Шара барысында қонақтардың назарына кең ауқымды концерттік бағдарлама ұсынылды. Оны Шанхайдың жоғары оқу орындарында оқитын, қазақстандық студенттерді біріктіретін «Kazakh connection» студенттік қоғамы ұйымдастырды.

Сол күні ҚР Бас консулы ҚР Тәуелсіздік күнін мерекелеуге орай ресми қабылдауға қатысқан Шанхай қаласының вице-мэрі Ай Баоцзюнмен екіжақты кездесу өткізді.  Тараптар қазақстан-қытай қарым-қатынастарын және экономикалық, мәдени-гуманитарлық саласында ынтымақтастықтың болашақтағы әлеуетін талқылады.