Шараны «KAZNEX INVEST» экспорт және инвестициялар ұлттық агенттігі» АҚ ұйымдастырды, оның басқарма төрағасы Борисбий Жангуразов жиынға модератор болды.
Дөңгелек үстелге 70-ке тарта адам қатысты - ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек, АШМ вице-министрі Гүлмира Исаева, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы, «ОХК» ЖШС, «KPI» ЖШС, «Аллюр» компаниялар тобы» АҚ, «СарыарқаАвтоӨндіріс» ЖШС және бірқатар қазақстандық, қытай фирмалары «Bayin Nonferrous Metal Industry Group Ltd.», «China Telecom», AVIC Securities Co. Ltd., CNPC, Huawei, «Цинхуа» және басқа компаниялар, «Жібек жолы» қоры, Қытай банкі, Қытайдың мемлекеттік даму банкінің өкілдері қатысты.
«Қазіргі кезеңде біздің өзара қарым-қатынасымыз жоғары деңгейде байланыстардың қарқындылығы және сауда-экономикалық және гуманитарлық өзара іс-қимыл саласының кең ауқымында көрініс тапты. Инвестициялық климатты жақсарту жөніндегі шараларды қолға алудың, сондай-ақ жоғры денгейдегі келісімдердің арқасында қазақстандық компаниялар қытайлық серіктестерімен ынтымақтастықты белсенді дамытуда», - деді Б.Сағынтаев.
Ол қазіргі кезде Қазақстанда қытайдың капиталы бар 700-ден астам компанияның қызмет жүргізіп отырғандығын атап өтті. Қазақстан экономикасына 2005-2015 жыл аралығында қытай инвестицияларының жалпы жиыны 12,7 млрд доллар болған.
Ол биыл бірлескен екі жоба пайдалануға берілгенін, тағы да 4 жобаның құрылыс басталғанын хабарлады. 2017 жылы 12 жобаның құрылыс жұмыстарын бастау көзделіп отыр.
Жобалардың қаржыландыруға баса мән беріліп отыр. «Жібек жолы» қоры, Қытай банкі, Қытайдың мемлекеттік даму банкі секілді қаржы институттарымен келісімдер жасалған.
ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасарының сөзінен кейін қытай бизнесінің өкілдері бірлескен жобалар туралы, ынтымақтастықты бұдан ары дамыту перспективалары жайында баяндамалар жасады.