Шанхайда ШЫҰ елдері арасында командалық шахмат турнирі басталды
АСТАНА. KAZINFORM – Қытайдың Шанхай қаласында Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдер арасында командалық шахмат турнирі басталды, деп хабарлайды Синьхуа.
Халықаралық шахмат федерациясы мәліметінше, жарыс Цинпу ауданында өтіп жатыр.
Турнирге Қытай, Ресей, Беларусь, Тәжікстан және Өзбекстанды қоса алғанда, ШЫҰ-ға мүше 12 елдің құрамалары қатысуда. Қытай атынан екі команда өнер көрсетуде. Олардың қатарында бұрынғы әлем чемпионы Дин Лижэнь мен қазіргі әлем чемпионы Цзюй Вэньцзюнь бар.
Жарыс рапид форматында өтеді. Командалар екі топқа бөлініп, алдымен айналмалы жүйе бойынша іріктеу кезеңінде сынға түседі. Әр топтан үздік шыққан екі команда жартылай финалға жолдама алады.
Аталған турнир 2019 жылы құрылған. Алғашқы бес жарыс Циндао қаласында, кейінгі екеуі Харбинде өткен. Биылғы, сегізінші турнир алғаш рет Шанхайда ұйымдастырылып отыр.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл жарыс ШЫҰ елдері арасындағы шахмат саласындағы ынтымақтастықты нығайтып, спорттық шеберлікті арттыруға және халықаралық байланысты кеңейтуге ықпал етеді.
Айта кетейік, Астанада шахматтан Senat Open турнирінің ширек финалы өтеді.