Шанхайлық сарапшы: Жолдау болашақ мемлекеттің тұтас моделін айқындайды

АСТАНА. KAZINFORM — Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында айқындалған Қазақстанның жаңа ұстанымы мен даму бағдары елді «орта державаға» айналдыруды, Орталық Азиядағы басты хаб ретіндегі рөлін нығайтуды және экономиканың шикізатқа тәуелділігін азайтуды көздейді. Мұндай пікірді Шанхай қоғамдық ғылымдар академиясы ШЫҰ зерттеу орталығының директоры Ли Лифань Kazinform агенттігінің Бейжіңдегі меншікті тілшісіне берген сұхбатында айтты.

Фото Ли Лифаньның жеке архивінен

— Меніңше, бұл Жолдаудың басты ерекшелігі — жүйелі реформалардан мемлекеттің болашақ даму моделін тұтас қалыптастыруға бет бұру. Экономика көлемі 400 миллиард долларға жуықтап, жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім 19 мың доллардан асқан, ал Қазақстан әлемдік рейтингте 47-сатыға көтерілген кезеңде экономикалық егемендік ұлттық тұрақтылықтың негізгі тірегі ретінде қарастырылып отыр, — деді қытайлық сарапшы.

Оның айтуынша, Жолдаудың негізгі үш тірегі — инфрақұрылымды дамыту, цифрлық басқару және әлеуметтік әділдік.

— Ең әуелі 2029 жылға дейін Ұлттық қордан бөлінетін шамамен 6,5 триллион теңге экономиканың аумақтық құрылымын өзгертуге және өңірлер арасындағы алшақтықты азайтуға бағытталады. Сонымен қатар Қазақстанның Еуразиядағы басты транзиттік торап ретіндегі маңызы артып келеді. Технологиялық салада дамудың озық үлгісіне көшу үшін «халықтық цифрлық экономика» мен жасанды интеллектіні дамытуға басымдық берілсе, әлеуметтік бағытта 2027 жылға қарай ең төменгі жалақыны 110 мың теңгеге дейін көтеру жоспарланған, — деп атап өтті сарапшы.

Ли Лифань жаңа даму кезеңі мемлекеттік басқару сапасын арттыруды талап ететінін де атап өтті. Бұл ретте бюрократияны азайтып, басшылардың жеке жауапкершілігін күшейту және мемлекеттік аппараттың жұмысын барынша тиімді ұйымдастыру көзделген.

— Негізгі міндет — ауқымды бастамаларды нақты нәтижеге айналдыру. Ол үшін инвестиция тарту тәртібін сақтап, қаржының жұмсалуын ашық жүргізу, басқарушы кадрлардың кәсіби деңгейін көтеру және қоғамдық бақылауды күшейту маңызды. Осы міндеттердің сапалы орындалуы реформалардың тиімділігін айқындап, Қазақстанның халықаралық аренадағы дербес рөлін нығайтуға жол ашады. Бұл ретте ел ішіндегі даму шешуші мәнге ие, — деп түйіндеді сарапшы.

Сөз соңында Ли Лифань Қазақстан халқына Жолдаудың стратегиялық мәні мен ауқымына тоқталды. Қытайлық сарапшының айтуынша, онда белгіленген өршіл мақсаттар мемлекет алдына қойған міндеттердің жоғары деңгейін аңғартады. Оған қол жеткізу үшін жүйелі әрі табанды жұмыс жүргізу керек.

Бұған дейін Қытай сарапшысы Жолдауды Қазақстанның ұзақ мерзімді дамуының стратегиялық бағдары деп бағалағанын жазған едік.