Шаңырақ күнінде Маңғыстауда сәбилі болған аналарға құрмет көрсетілді

Фото: Фото: Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасы

АҚТАУ. KAZINFORM - Шаңырақ күніне орай Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасының перинаталдық орталығында босанған аналарға естелік сыйлық табысталды. 

Атаулы күнге орай облыстық аурухана директорының міндетін атқарушы Руслан Амангелдіұлы, директордың ана және бала істері бойынша орынбасары Юлия Асенбаевна, бас акушер Салтанат Ибрагимқызы, медициналық қызмет көрсету сапасын бақылау бөлімінің басшысы Жанар Сыдыққызы, бас медбике Айтбибі Қонарбаевна аналарды Шаңырақ күні мен келе жатқан Наурыз мерекесімен құттықтады.

«Шаңырақ күні жас ұрпақты тәрбиелеу мәдениетін, олардың бойында патриотизм, адамгершілік пен еңбекқорлыққа деген құштарлықты қалыптастыруды насихаттайды. Сіздер, әрдайым шаңырақтың шаттығы, ұрпақтың ұлағатты болып өсуі үшін мейірім, махаббатты беруге дайын тұрасыздар. Бұл күн — ата-ана мен бала, отбасы үшін өте маңызды. Себебі шаңырағы биік, өнегелі отбасы — еліміздің іргетасы. Осы орайда сіздерге саулық, сәбиіңізге ұзақ ғұмыр тілейміз», -  деді Руслан Амангелдіұлы.

Перинаталдық орталықта үшінші баласына босанған Рысбибі Мұхан қуанышымен бөлісіп, медицина қызметкерлеріне алғысын жеткізді.

«Өмірімізді сақтап қалуға, сәбидің жарық дүниеге аман-есен келуіне жәрдемшісі ақ халатты абзал жандарға алғысым шексіз. Жұмыстарыңызға сәттілік, табыс, отбасыңызға амандық тілеймін», - деді Рысбибі Мұхан.

Маңғыстау облысында Шаңырақ күні қарсаңында аталған орталықта 8 сәби жарық дүние есігін ашты. Оның бесеуі ұл бала болса, үшеуі қыз.