«Шапағат» базарындағы ауқымды өртке байланысты жедел штаб құрылды
11:48, 08 Мамыр 2025
АСТАНА. KAZINFORM — Алдын ала мәлімет бойынша, шамамен 400 шаршы метр аумақта 10-ға жуық бутик өртке оранған, деп хабарлайды ТЖМ баспасөз қызметі.
Сағат 11:28-дегі жағдай бойынша қабылданған шаралардың арқасында өрт оқшауланды.
— Оқиға орнында жедел штаб құрылды, 3 жауынгерлік учаске ұйымдастырылды. 5 газ-түтіннен қорғау қызметі (ГДЗС) тобы жұмыс істеп жатыр. Қазір ғимараттарда адамдардың бар-жоғы тексеріледі. Өрт орнына үздіксіз су беру үшін өртке қарсы гидранттарға қосылған 3 автоцистерна орнатылды, — делінген ведомство хабарламасында.
Оқиға орнына ТЖД-ның 71 қызметкері және 20 техника жұмылдырылған.
Бұған дейін хабарланғандай, Астанадағы «Шапағат» базарынан өрт шықты.