Шара Жиенқұлова сияқты ұлттық өнердің танымал тұлғалары қазақ қыздарының рухын көтеруі тиіс - Д.Мыңбай

АСТАНА. 23 мамыр. ҚазАқпарат - Бүгін Астанадағы Күләш Байсейітова атындағы ұлттық опера және балет театрында Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Халық әртісі, халық арасында «би падишасы» атанған Шара Жиенқұлованың 100 жылдығына

арналған концерт өтті.

Концерттің ашылу рәсіміне қатысқан ҚР Мәдиет және ақпарат министрі Дархан Мыңбай атап көрсеткендей, Шара Жиенқұлова сияқты танымал өнер тұлғаларының мерейтойын атап өту бастамасы қазақ қыздарының рухын көтеруі тиіс. «Шыны керек, Шара апамыздың халқымыздың салт-санасына сіңген биін үлкен сахналарға алып шыққаны тарихта мәңгілікке қалады. Одан тәлім-тәрбие алған талай бишілер әлі де болса қазақ өнерін бүкіл әлемге танытуға мүмкіндігі көп деп ойлаймын. Себебі қай жағынан алып қарасақ та, қазақ өнері - бәсекеге қабілетті өнер. Шара Жиенқұлова - 16 жаста Мәскеудің сахнасына шығып, халықтың сүйіспеншілігіне бөленген адам. Ал оның наградалары сол сүйіспеншіліктің айқын көрінісі болса керек. Шара апамыздың ізін әлі талай қазақ қыздары басады деп сенемін», - деді өз сөзінде Д.Мыңбай.

Шара Жиенқұлованың 100 жылдығына арналған концертте елімізге танымал әншілер - Ардақ Балажанова, Мәдина Бесбаева, Ақмарал Қайназарова, Берік Омаров, сондай-ақ «Шылқыма», «Шабыт», «Серпер», «Наз» сияқты ұжымдар өз өнерлерін ортаға салды.