Салтанатты шараға келген қонақтар алдымен Абай алаңындағы «Шежіре» ауылын және ретрокөліктер мен тарихи жәдігер бұйымдар көрмесін тамашалады. Мерейтой құрметіне «Алтын күз» жәрмеңкесі» ұйымдастырылып, ауыл шаруашылығы саласында лизинг бойынша алынған жаңа техникалар көрмесі қойылды. Ауыл шаруашылығы өнімдері арзан бағада саудаға шығарылды. Қала мен ауылдардан жиналған әрі бірдей ұлттық үлгіде киінген 55 келін мерекеге келген ел ағаларына бірдей иіліп сәлем салып, ізет көрсетті. Қала берді келі түйіп, ұршық иіріп жатты. Ал, мектеп оқушылары Абай алаңында флешмоб ұйымдастырып, Шардара тарихынан сыр шертетін сурет көрмесі қойылды. Аудандық мәдениет сарайында тойға жиналған қауымды Түркістан облысы әкімінің орынбасары Мейіржан Мырзалиев құттықтап, аудан тұрғындарына облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің құттықтау хатын оқып берді. Аудан әкімі Қайрат Жолдыбай да Шардараның өсіп-өркендеуіне, әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлестерін қосқан еңбек ардагерлеріне сый-сияпат жасады. Бірқатар азаматтарды мерекелік медальмен марапаттады.
Айтулы шарада шардаралықтарды мемлекет және қоғам қайраткері Зауытбек Тұрысбеков құттықтап, жүрекжарды тілегін білдірді. Жиында «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иесі, «Қазақ үні» газетінің бас редакторы Қазыбек Иса ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашевтің құттықтауын жеткізіп, өзінің Шардараға арнаған өлеңін оқып берді. Мерекелік кеште еліміздің өнер жұлдыздары Досымжан Таңатаров пен Сенбек Жұмағалиев, Жалғас Кеңесов пен Мәдина Сәдуақасова ән шырқап, тыңдармандарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.