Шардара қаласының барлық шағынаудандарына су берілді

Фото: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Шардара су қоймасындағы су деңгейінің уақытша төмендеуіне байланысты, 6 тамыз күні Шардара қаласында су беру бойынша мәселе туындады. Осыған орай Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасымен жедел штаб құрылып, нақты іс-қимыл алгоритмі бекітілді, тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылып, тұрғындар үшін жедел желі іске қосылды. 

Штабтың үйлесімді әрі жедел жұмысының нәтижесінде су беру қысқа уақыт ішінде қалпына келтірілді. Әлеуметтік маңызы бар нысандарға, соның ішінде ауруханалар мен көпқабатты тұрғын үйлерге су алдымен жеткізілді. 

Су қысымының төмендігі мен жеткізу көлемінің жеткіліксіздігін жою мақсатында бірінші негізгі су торабына қосымша сорғы орнатылып, диаметрі 200 мм болатын полиэтилен құбыры іске қосылды. 6 тамыз күні сағат 20:50-де екінші сорғы сәтті қосылып, ол арқылы Шардара су қоймасынан қаланың негізгі су торабына су жеткізу жүзеге асырылып жатыр. 

Фото: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Бүгінгі күні Шардара қаласының барлық шағынауданында су беру толық қалпына келтірілді. Алдын алу және тұрғын үйлерге судың үздіксіз берілуін қамтамасыз ету мақсатында қосымша 28 су жинау резервуары орнатылды. Сонымен қатар тәулік бойы 10 арнайы су тасымалдайтын көлік жұмыс істеуде. 

Фото: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Сондай-ақ 3 ұңғыма иесіне және су тасымалдайтын 15 көлік иесіне ауыз су бағасын көтермеу туралы түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, тиісті келісімдер жасалды. Су тасымалдау жұмыстары тәулік бойы жалғасып жатыр. 

– Бүгінде қаланың барлық тұрғын ауданына су берілуде. Халықты сумен қамтуды облыс әкімдігі өкілдері, аудан басшылығы және коммуналдық қызмет мамандары үйлестіріп отыр. Тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылып, жұмыс тұрақты түрде жүргізілуде, - деді Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов.