Қылмыстық оқиға 2015 жылғы тамыз айының ортасында орын алды. «Сотталушы Әсет Батыршаев өз әкесінің зейнетақысын алу үшін кезекте тұрған болатын. Осы кезде адамдар кезегі ұзаққа созылып, әңгіме барысында біреулер ауыл тұрғындары үшін 80 млн теңге шамасында субсидияның поштаға әкелінгенін айтып қалады. Осыны құлағы шалған сотталушы ауылға барып, досы мен бауырына «Қазпоштаны» тонау туралы ұсыныс айтқан», - дейді судья Дәурен Мадалиев.
Қылмыскерлер тонауды тиянақты жоспарлайды. Бетперде, қолғап, атыс қаруы болып табылатын шолақ мылтық пен тапанша дайындаған. Осылайша, ағайындылардың көлігіне мінген олар пошта мекемесіне келеді. Онда күзетшіні қарумен қорқытып, оның аузын скотчпен байлап, ақша сақталған бөлмеге кіреді. Онда инкассаторлық сөмкелерді өздерінің қаптарына сала бастағанда, дабыл ойнай жөнелген.
«Олар тіпті сөмкелерде не бар екенін алдын ала қарамаған, бірден инкассаторлық сөмкелерді өздерінің қаптарына сала бастаған. Онда тіпті темір монеталар болды. Нәтижесінде тек шамамен 530 мың теңгені үптеуге шамалары келді. Тонау шамамен сағат таңғы 4-терде болса, сағат 7-де қылмыскерлер құрықталды», - деді Дәурен Мадалиев.
Қылмыскерлер мінген көліктен барлық заттай айғақтар, ақша, қару мен бетперделер табылған. Сотта олардың кінәсі толығымен дәлелденіп, олар ҚР Қылмыстық кодексінің 192 бабы, 4 тармағы, 2 тармақшасы және 287 баптың 4 тармағы бойынша айыпталған.