Топ мүшелері дәріханалардағы препараттардың қолжетімділігі мен шекті бағадан қымбат сату фактілерін, заңсыз саудалау және түбіртексіз өткізу деректерін тексерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарыс іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің Сарыағаш аймағы бойынша ауданаралық басқармасының басшысы Сапар Жантөреев пен прокуратура органдары, құзырлы орган өкілдері қатысқан рейд барысында бірқатар заңбұзушылықтар анықталды.
Атап айтқанда, аудан орталығындағы базар маңында «Сабырбекова» атты дәріханада «Азитромицин» мен «Аспирин кардио» препараттары тым қымбат сатылып жатқаны белгілі болды. Мұндай заңбұзушылықтарға өзге де дәріхана қызметкерлері жол беріп жатқаны анықталды. Рейд барысында аудан басшысы дәріхана иелеріне арнайы бекітілген дәрі-дәрмектерді тек рецептімен саудалауды, 1 азаматқа белгіленген дәрілерді 2 данадан артық сатпау керектігін ескертті. Сондай-ақ, дәрі-дәрмектерді сату барысында еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен шекті бағаларды қатаң сақтауды және маскалық режимді үнемі бақылауда ұстау қажеттігін жеткізді. Ал, штаб мүшелеріне анықталған кемшіліктер бойынша заңға сәйкес тиісті жұмыстарды атқаруды тапсырды.
Айта кетейік, дәріханаларда дәрі-дәрмек бағасының көтерілу дерегі тіркелген жағдайда шардаралық кез-келген тұтынушы 7776 837 09 00 немесе 7702 000 24 94 нөмірлеріне Whatsapp желісі арқылы хабарласып, шағым түсіре алады. Аудандағы дәріханаларға тиісті мониторингтік жұмыстар әлі де жалғасын таппақ.