Шардарада ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай спорттық жарыстар көптеп өтуде
Орта мектеп жасындағы жасөспірімдер арасында волейбол, шағын футбол және қол добынан жарыстар ұйымдастырылды. Орталық стадионда өткен волейбол жарысында Шардара мектеп-лицейі командасына тең келер ешкім болмады. Шардарамен ақтық сынға шыққан Жаушықұм мектеп-лицейінің командасы ІІ орынды иеленсе, Т.Тәжібаев атындағы жалпы орта мектебінің командасы жүлделі ІІІ орынды бағындырды. «Мирас» футбол алаңында өткен шағын футбол ойынында футбол мектебінің командасы жеңіске жетсе, Т.Тәжібаев атындағы жалпы орта мектебінің командасы ІІ орынды еншіледі. Ал, М.Әуезов атындағы жалпы орта мектебінің командасы ІІІ орынды қанжығаға байлады.
Құрманғазы атындағы орта мектебінде қол добынан жарыс өтті. Бұл сайыста алаң иелері - Құрманғазы атындағы жалпы орта мектебінің командасы жеңімпаз атанды. М. Әуезов атындағы жалпы орта мектебі ІІ, №1 БЖСМ командасы ІІІ орынды иеленді. Жеңімпаздарға марапаттар тапсырылды. Айта кету керек, Шардара ауданында ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай спорттық жарыстар көптеп өтуде.