Шардарада шіркей қайта көбейе бастады

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Шардарада шіркей қайта көбейе бастады. Бұл туралы аудан әкімі Қайрат Жолдыбай мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Фото из открытых источников

Аудан әкімінің айтуынша, Шардара – шіркейдің ошағы емес. Тек, жел тұрса өңірде шіркей көбейіп кетеді.

«Мамыр айының басында шіркей көп болды. Мердігер мекемелерді шақырып, қоғамдық орындарды және шіркейі көп ауылдарды залалсыздандыру жұмыстарын жүргіздік. Азайып, басылып қалған болатын. 3-4 күн бұрын қатты жел тұрып, шіркей қайта көбейе бастады. Жақын арада мердігер мекемені шақырып, залалсыздандыру жұмыстарын тағы жүргіземіз», - деді Қайрат Жолдыбай.

Талай жылдық тәжірибесіне сүйенген аудан басшылығы биыл залалсыздандыру жұмыстарын жақсылап атқарып, келер жылы шіркейді едәуір азайтуды жоспарлап отыр.

Айта кетейік, Түркістан облысында шіркеймен күреске бюджеттен 643 млн теңге бөлінген болатын.