Шардарада спорттың екі түрінен жарыс өтті

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысының Шардара ауданында Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай дзюдо мен қазақ күресінен аудандық жарыстар ұйымдастырылды, деп хабарлайды аудан әкімдігінің баспасөз қызметі. 12 команда қатысқан дзю-до сайысы кешке дейін созылды.

Татамиге шыққан палуандардың арасында бабы мен бағы келіскен спортшылар жеңіске жетіп отырды. Жарыс қорытындысы бойынша Ұзын ата жалпы орта мектебінің командасы бірінші орынды иеленіп, жеңімпаз атанды.

С.Кәттабеков атындағы жалпы орта мектебі екінші орынды иеленсе, Шардара мектеп-лицейі мен Қ.Аманжолов атындағы жалпы орта мектебінің командалары үшінші орындарды қанжығаға байласты.

Сол сияқты, қазақ күресінен өткен жарысқа да 12 команда қатысып, күш сынасты. Жас палуандар арасында С.Кәттабеков атындағы жалпы орта мектебінің командасының мерейлері үстем болып, жеңіс тұғырына көтерілді. Ал, Шардара мектеп-лицейі екінші орынды еншіледі. Ұзын ата мен А.Әлімбетов атындағы жалпы орта мектептерінің командасы үшінші орындарды қанағат тұтты. Айта кету керек, Шардара ауданында ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай түрлі шаралар ұйымдастырылып жатыр.

Ал, спорттық шаралардың жөні бір бөлек. Бұл жепрде тек мереке құрметіне ғана емес, сонымен қатар, аудан жастарын ынталандыру, салауатты өмір салтын насихаттау мақсаттарында жүзеге асырылуда.