Шардарада желкенді қайық спортынан Қазақстан кубогы өтіп жатыр

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысының Шардара қаласында желкенді қайық спортынан Қазақстан Республикасының ашық кубогы өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат Olympic.kz сілтеме жасап.

Қайық спортында Қазақстан және Өзбекстан спортшылары да бақ сынауда.

«Бұл жарысқа бір жылға жуық дайындалдық. Кубокті дәл осы Шардарадағы су қоймада өткізу туралы бастаманы облыстық қауымдастық көтерген болатын. Мақсатымыз - желкенді қайық спортын дамытып, мықты спортшылар дайындап шығару. Негізінен біздің облыста спорттың осы түрін дамыту үшін дәл осы Шардара су қоймасы таптырмас орын. Климаты жағынан да ыңғайлы», - деді Түркістан облыстық ескек есу және желкенді қайық спорты ассоциациясының төрағасы, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Денис Жарменов.

Облыста алғаш рет өткізіліп отырған додада 100-ге жуық спортшы өзара бесекелесуде. Атап айтқанда, Түркістан, Қарағанды, Алматы облыстары мен Өзбекстан құрамасының спортшылары кубокке таласпақ.

«Менің желкенді қайық спортымен айналысып жатқаныма көп бола қоймады, небәрі бір-ақ жыл. Бірақ осы бір жыл ішінде түрлі дәрежедегі алты медальды еншілеп үлгердім. Қазақстан құрамасының спортшысымын әрі ел чемпионы деген атағым бар. Негізінен, көпшілік бұл спорт түрі қыз баласы үшін ауырлау екенін айтады. Меніңше, кез келген спорттың өз қиыншылығы мен қызықты тұстары болады. Иә, алғашында менің де қайықты игере алмай, біраз қиналғаным бар. Бірақ тер төге жасаған жаттығудың арқасында қайықты игерудің қыр-сырын үйрендім. Бұл Кубокте өзіме бірінші орын алу керек деген мақсат қойып отырмын. Бағыма қарай көрермін»,- деді жас спортшы Аделина Речко.

Сонымен қатар, Аделина Шардара су қоймасынан оқу-жаттығу жұмыстарын жасайтын база салынса, жыл бойына дайындық үзілмес еді деген тілегін де жасырмады.

Қайықтар жарысы 30 наурыз күні өз мәресіне жетеді.