Шардарадағы жаппай атысқа қатысқан алты адамға сот санкциясы шықты

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысының Шардара ауданында ауыл тұрғындарына оқ атқан алты күдіктіге қатысты сот санкциясы шықты. Қазіргі таңда Достық ауылында болған қылмысқа қатысы бар деген екеу қамауға алынған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шардара аудандық сотының судьясы Сапархан Омаровтың сөзінше, күдіктілерді екі айға уақытша тергеу абақтысына қамау туралы қаулы төрт күдіктіге сырттай шығарылды. Өйткені олар әлі полицияның қолына түспеген. Жалпы, 28 - 32 жас шамасындағы сезіктілер Шардара ауданының тұрғындары екені анықталған. Араларында біреуі бұрын сотталып, жазасын өтеп шыққан.

«Алты күдіктіге қатысты Қылмыстық кодекстің 99 бабының 2 бөлігі 1, 6, 7, 9 тармақтары («Адам өлтіру»), 287 бабы, 4 тармағы (Қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру) және 293 баптың 3 бөлігі, 2 тармағы (Бұзақылық) бойынша іс қозғалған.

Еске салайық 7-ші қыркүйек күні Шардара ауданының Достық ауылында жаппай атыс болып, 22 жастағы жігіт мерт болды. Тағы екі адам түрлі оқ жарақатымен ауруханаға түскен еді. Кейіннен бұл қылмысты жағдайдың орын алуына қауын артып жатқан жердегі жұмысшылардың арасында жанжал себеп болғаны анықталды. Жергілікті полиция қазір ауыл жігіттеріне оқ жаудырған төрт адамды іздестіріп жатыр.