Шардаралық тұрғын «Еңбек» бағдарламасының арқасында кәсібін ашты

ШАРДАРА. ҚазАқпарат – Түркістан облысы, Шардара ауданының тұрғыны Бауыржан Әліпбаев «Атаулы әлеуметтік көмек» жобасы аясында жеке кәсібін ашты. Бұған дейін егін шаруашылығымен айналысқан ол бүгінде мемлекеттік бағдарламаның арқасында грант ұтып алып, дәнекерлеуші жұмысын да қолға алған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ауыл тұрғыны табысының аз болуына байланысты көптен бері ойдағы жоспарларын іске асыра алмай келе жатқанын және қазір мол мүмкіндікке ие болғанын айтады.

«Еңбек» бағдарламасымен 3 ай дәнекерлеуші мамандығын оқыдым. Сосын жаңа кәсіп бастаушы азаматтарға арналған грант арқылы 505 мың теңге ұтып алып, сол қаржыға дәнекерлеу ісіне қажетті құрал-жабдықтарды сатып алдым. Атап айтқанда кемпи, аргон, инверторлы металды балқытып біріктіретін аппараттарын қолданып отырмын. Бүгінде ауылда сынған көліктер мен түрлі техникаларды жөндеумен айналысып жүрмін. Осындай іс бастауыма мемлекеттік бағдарламаның көмегі мол болды», – дейді Б.Әліпбаев.

Шардаралық тұрғын жаңа іс бастағалы табысының еселеп артқанын айтады. Ендігі оның жоспары – қорғанға арналған қақпа жасайтын цех ашып, кәсібін кеңейтуді көздеп отыр. Ол бұдан бөлек, ауласындағы жылыжайға қарбыз көшеттерін өсіріп, сатумен де айналысады.

Айта кетейік, Шардара ауданы бойынша өткен жылы 3559 отбасыға қаржылай атаулы әлеуметтік көмек берілген. Оның ішінде 2776-ы ірі қара малын, 432 отбасы уақ мал асырауды қолға алған. 54 жанұя әртүрлі бағытта өздерінің жеке кәсіптерін ашқан. Атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасылардың ішінен еңбекке қабілетті отбасы мүшелері «Еңбек» бағдарламасының шеңберінде 84 адам қысқа мерзімді кәсіптік оқуға, 50 адам әлеуметтік және 19 адам қоғамдық жұмысқа, 1597 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.