Мұнан соң сахна төріне аудан әкімі Болатбек Қыстауов шығып, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арнап баяндама жасады.
«Құрметті жерлестер! Баршаңызды Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мерекесімен шын жүректен құттықтаймын.
1991 жылы 16 желтоқсанында қазақ елінің шежіресіне мәңгі енген «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңы қабылданды. Халқымызға ғасырлар бойы арман болған тәуелсіздік біздің ұрпаққа бұйырып отыр. ХХ ғасырдың басында Алаш көсемдерінің басты мақсаты - туған халқын, елін терезесі тең, тәуелсіз мемлекетке айналдыру басты арманы болған еді. Тәуелсіздіктің 25 жылында еліміз ұланғайыр белестерді абыроймен бағындыра білді. Тәуелсіздік шежіресінің әрбір жылының біз үшін мәні бөлек, маңызы айрықша»,-деді аудан әкімі.
Аудан әкімі Болатбек Қыстауов ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан бір топ азаматтарды түрлі мемлекеттік наградалармен марапаттады. Атап айтар болсақ, Елбасы Жарлығымен Қазақстан Республикасының Құрмет Грамотасымен аудан әкімінің орынбасары Тұрсынқұл Байтұрғанов, «Шапағат» медалімен ұзақ жылдар бойы денсаулық саласында жемісті қызмет етіп келе жатқан Түймебай Әлменов марапатталды.
Сонымен бірге, Елбасы Жарлығымен берілген «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерекелік медальдары ардагер ұстаз Махмұд Момыновқа, денсаулық саласының ардагерлері Базарбай Әуезов пен Жәлел Хамитовқа, «Өскен өңір» газетінің директор-редакторы Есенбай Бейсенбиев пен осы редакцияның баспасөз хатшысы Мейірхан Аңламасовқа, №16 колледж директоры Зәкірхан Талбидинге, аудандық футбол мектебінің директоры Ермек Аманқұловқа, «Шарайна» газетінің редакторы Нұрмахан Қарыға, қаладағы Майқала ауылының биі Жанайдар Битуға, аудандық Қажылар қауымдастығының төрағасы, кәсіпкер Дәулет қажы Өзденбаевқа, аудандық мәслихаттың депутаты, кәсіпкер Ержан Қарабаевқа және басқаларға салтанатты жағдайда табыс етілді.
Мерекеге арнайы келген Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің республикалық білім саласындағы бақылау комитеті төрағасының орынбасары Талғат Ешенқұлов шардаралықтардың қуанышын бөлісіп, Тәуелсіздік мерекесімен құттықтады.