«Arabs Got Talent» деп аталатын араб тілінде өткен шоумендердің байқауына қатысқалы бері Майамнан маза қашты. Оның Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасына талантына табынушылардан күніне 50-ге жуық хат келіп түседі. Олардың көбісі таланты тас жарған әншіге қолдау көрсеткенімен, 18 жастағы бойжеткеннің шариғат шеңберінен шығып, сахнада өнер көрсеткеніне наразылық білдіргендер де бар, деп жазады muslim.kz.
Ол шариғат шәлісін жамылып, реп композицияларын орындап жүрген әншілердің алғашқысы емес. Алайда, «Arabs Got Talent» байқауы оның атағын алысқа шығарып, даңқын асырған шара болды.
Мұсылман бойжеткеннің сөзіне қарағанда, оның бұл қадамы, әсіресе, ерлердің наразылығын тудырған екен.
Майам Махмұд батыстың рэп әндерінен бойын аулақ ұстайды. Оның шығармашылығына жастайынан өлең-жырға баулыған анасы дем беретін көрінеді.