Шарлапаев құрылыс пен металлургия саласында пайда болған жаңа мамандықтарды атады
АСТАНА. KAZINFORM — Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев Үкімет отырысында құрылыс пен металлургия саласында пайда болған жаңа мамандықтарды атады.
— Бүгінгі күні Министрлік құзыретіндегі салаларға 39 мыңнан астам маман қажет. Жаңа мамандықтар атласында министрлік жетекшілік ететін салалар бойынша тау-кен металлургия саласында смарт жүйелерді әзірлеуші, роботтандырылған тау-кен техникасының операторы, машина жасау саласында — виртуалды прототиптеу маманы, құрылыста — Big Data сарапшысы, «Ақылды үй» жобалаушысы сияқты 75 жаңа мамандық бар. Сонымен қатар, бизнес процестерді автоматтандыруға байланысты 40-тан астам мамандықтың функционалы өзгерді, — деді министр.
Қанат Шарлапаев индустрияландыру картасы аясында 3D басып шығару және дәнекерлеу инженері, роботтандырылған бояу жүйелерінің операторы сияқты 8 жаңа мамандық пайда болғанын айтты.
— Осылайша, қолмен жұмыс жасау түрі біртіндеп автоматтандырылған еңбек түріне алмасуда. Бұл қоғамда ауыр жұмыс деген түсінікті түбегейлі өзгертеді, — деді министр.
Еске салсақ, Президент Жарлығымен 2025 жыл Жұмысшы мамандықтарының жылы деп жарияланған еді.