Шарм-эш-Шейх әуежайында көз жұмған әйелдің жан құрбысы денесін елге жеткізуге көмек сұрады
АҚТӨБЕ. KAZINFORM - Шарм-эш-Шейх әуежайында көз жұмған Ақмарал Мұқанованың жан құрбысы Венера Искакова оның денесін елге, Ақтөбе қаласына жеткізу үшін көмек сұрады. Қазір ұлы сол жақта.
Ақтөбе облыстық ПД кадр басқармасында ұзақ жыл жұмыс істеген Ақмарал Мұқанова үш жыл бұрын ғана Астанадағы баласының жанына қоныс аударған. Ұлы екеуі саяхаттағанды ұнатты. Мысырға сапар да сол саяхаттың бірі болатын.
— Қайтыс болған Ақмарал Мұқанова менің жан құрбым. 1970 жылы Байғанин ауданындағы Қарауылкелді орта мектебіне бірінші сыныпқа барып, содан бері құрбымыз. 1980 жылы оқу бітіріп Алматыға кетті. Талдықорғанда заңгерлік мамандықты меңгерді. Ақтөбедегі Сазды полиция бөлімінде қызмет жолын бастады. Ақтөбе қалалық полиция басқармасынан зейнетке шықты. Кешегі болған жағдайды мен баласынан естідім. Сағат 12:00 шамасында әлеуметтік желі арқылы көріп, Ақмаралға хабарласам деп ойладым. Ұмытып кетіппін. Бір кезде баласы «Анамнан айырылып қалдым» деп жазыпты. Бұған дейін ол жаққа барғанын естіп, хабарласып отырдым. Хабарлама жазып, фотосын да жіберген еді. Кейін баласы жанында елшіліктен адам бар екенін, денесін 3-4 күн күтетінін, тергеу жүріп жатқанын айтты. Денені Қазақстанға әкелу үшін Президенттен, Үкіметтен, елшіліктен көмек сұраймыз, — деді құрбысы Венера Искакова.
Оның айтуынша, әуежайда оқиға орнын қоршамай, қан ізін бірден сүрткен. Бұл да адамға күмән ұялатады.
— Іс дұрыс тергелмей қалады деп алаңдаймыз. Денесін елде, Ақтөбеге жеткізсе дейміз. Ол Ақтөбеде тұрды. Астанаға көшкеніне 3 жыл ғана болды. Үнемі күлімдеп жүрді, бір ренжігенін көрмедім. Баласы екеуі жиі саяхаттады, бұл да кезекті саяхат болды. Соңғы рет сәуірде көрдім. Мен қазір баланың жағдайын ойлап отырмын. Ол телефон қуаттаймын деп тұрған, сол сәтте құлаған екен, — деді құрбысы.
Еске салсақ, Шарм-эш-Шейх әуежайында Астанаға дейін баратын DV5270 рейсіне отырар кезде үш қазақстандық әйелге жарнама тақтасы құлады. Оқиғаның салдарынан қазақстандық әйел мерт болды, тағы екі отандасымыз жарақат алды.
Қаза тапқан әйелдің ұлы да жатын орынмен қамтамасыз етілді. Қазақстан елшілігімен барлық қажетті консулдық, құқықтық және гуманитарлық көмектер көрсету бойынша жұмыс істеліп жатыр.
Марқұм Ақмарал Мұқанованың әріптестері оның ашық-жарқын, мейірімді жан екенін айтты.