Шарм-эш-Шейх әуежайында үш қазақстандыққа жарнама тақтасы құлады
АСТАНА. KAZINFORM - Шарм-эш-Шейх әуежайында Астанаға дейін баратын DV5270 рейсіне отырар кезде үш қазақстандық әйелге жарнама тақтасы құлады.
ҚР Сыртқы істер министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, кеше Шарм-эш-Шейх әуежайында рейсті күтіп тұрған жолаушылар тұрған аумақта жарнама тақтасы құлады. Оқиғаның салдарынан қазақстандық әйел мерт болды, тағы екі отандасымыз жарақат алды.
-Мерт болған адамның туыстарымен байланысқа шықтық, оларға барлық мәселе бойынша консул көмек көрсетіп жатыр. Зардап шеккен екі әйелге қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр, олардың денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ. Мысыр тарапы қайғылы оқиғаға байланысты көңіл айтып, болған оқиғаға шын жүректен өкініш білдірді. Мысырдың азаматтық авиация министрі болған оқиғаны өзінің жеке бақылауына алып, оқиға орнына бірден арнайы комиссия жіберді,-деп мәлімдеді ведомство өкілдері.
Қазір оқиға орнында тергеу жұмыстары жүріп жатыр. ҚР Елшілігі аталған оқиғаны жеке бақылауына алды.