Шаршасаңыз кофе ішіп, аздап демалыңыз: Абай облысында полиция жүргізушілерге акция ұйымдастырды

СЕМЕЙ. KAZINFORM - Жүргізушілердің шаршауынан болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алуға бағытталған профилактикалық акция Абай облысының автожолдарында әлі жүріп жатыр, деп хабарлайды Абай облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Фото: Абай облсының Полиция департаменті

Бұл жолы жүргізушілерді Бородулиха ауданының полиция қызметкерлері қарсы алды. Ұзақ уақыт жолда болғандарға аз уақыт аялдап, демалу ұсынылып, ыстық кофе мен ауыз су таратылды. Полицейлер жүргізушілердің жағдайын сұрап, дер кезінде демалудың маңыздылығын еске салды.

Полицияның басты міндеті — жол қозғалысы қағидаларының сақталуын бақылау ғана емес, қауіпті жағдайды қайғылы оқиғаға ұласпай тұрып алдын алу.

Ұзақ әрі бірсарынды жол зейінді төмендетеді: адамның реакциясы баяулап, ұйқышылдық пайда болады. Осындай сәтте тәуекелге бармай, қауіпсіз жерге тоқтап, демалу қажет.

Абай облысы Полиция департаментінің бастығы полиция полковнигі Эльдар Данияровтың тапсырмасы бойынша мұндай профилактикалық жұмыс өңірдің автожолдарында жүргізіліп жатыр.

-Шаршағаныңызды сезсеңіз — тәуекелге бармаңыз. Қауіпсіз жерге тоқтап, демалыңыз. Кейде бірнеше минуттық үзіліс пен бір шыны ыстық кофе жолды қауіпсіз жалғастыруға мүмкіндік береді,-дейді полиция қызметкерлері. 

Акция әлі жүрып жатыр. Басты мақсат — әрбір жүргізуші мен жолаушының діттеген жеріне аман-есен жетуі.

Осыған дейін Қазақстандағы жол апаттарының 91%-ы жүргізушілердің кінәсінен болатыны туралы жаздық.