Шаршы алаңға қайта оралған И.Дычко алғашқы жекпе-жегін жеңіспен аяқтады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ташкентте өтіп жатқан Сидней Джексонды еске алуға арналған бокстан халықаралық турнирда Қазақстан боксшысы Иван Дычко жартылай финалға шықты. Бұл оның Алматыда өткен әлем чемпионатынан кейінгі шаршы алаңға алғаш көтерілуі, деп хабарлады ҚР Бокс федерациясының баспасөз қызметінен.

Байрақты бәсекені ширек финалдық кездесуден бастаған боксшымыз әзербайжандық қарсыласы Асеф Асланлыдан айласын асырды. Алғашқы кездесуінде қарсыласынан өз басымдығын барлық төрешілерге мойындатқан И.Дычко жартылай айналымда өзбекстандық Баходыр Джалоловпен қолғап түйістіреді.

Айта кетерлігі, И.Дычко - Джексон турнирінде өнер көрсетіп жатқан Қазақстан құрамасынан жартылай финалға шыққан жалғыз спортшы. Бұған дейін Ташкентегі жарыс жолын Зәкір Сафиуллин, Алмасбек Орынғалиев, Сапарбай Айдаров және Нұрдәулет Жарманов аяқтаған болатын.

Еске сала кетейік, Лондондағы Олимпиаданың қола жүлдегері, ауыр салмақтағы қазақстандық боксшы Иван Дычко Алматыдағы әлем чемпионатының финалында Магомедрасул Меджидовтен нокаутпен жеңілген болатын. Ол рингтен дәрігерлердің көмегімен кетті. Спортшының бабына келуі үшін бір жылдай уақыт қажет болды.