Шартараптың шарайнасы - «ҚазАқпаратқа» бүгін 94 жыл (ФОТО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан ақпарат кеңістігінің негізгі базасы іспетті «ҚазАқпарат» Халықаралық ақпарат агенттігінің құрылғанына бүгін 94 жыл толып отыр. Бір ғасырға жуық ғұмыры бар бұл бұқаралық ақпарат құралының әр күні тарих, әр жазбасы қатталған ел шежіресінің болашақ қазынасы.

Егер біз «ҚазАқпарат» Қазақстанның жылнамашысы секілді десек, алдыңғы буын ағалардан бастап, қазіргі жас толқын журналистер де келісер деп ойлаймыз. Өйткені, тәуелсіздікке дейінгі де, бүгінгі жаңа тарихтың да куәгері болып келе жатқан ақпарат көздерінің бірі - «ҚазАқпарат». Онда еліміздің тыныс тіршілігіндегі әр сәт сол қалпында дереу, минут сайын жаңалық болып, бірнеше тілде бар жаһанға тарап келеді.

Аңсаған арманымыз тәуелсіздікке қол жетіп, Қазақстан Республикасы құтты қадамын жасағанда да ҚазАқпарат алғашқы болып, тарихи жаңалықтардың жаршысына айналды. Қазіргі ақпараттық дәуірде БАҚ-тың саны қаншалықты көп болса, соншалықты ҚазАқпараттың беделі үстем. Себебі, ол - сенімді ақпарат көзі ғана емес, «жаңалықтар әлемінің» ұстынындай. Өйткені, еліміздің барлық жетістігі, тыныс тіршілігі оның назарынан тыс қалып көрген емес. Қазақстанның жүрегі, бар қазақтың мақтанышы аяулы АСТАНА да «ҚазАқпараттың» көз алдында көркейді. Елбасы өз қолымен тұрғызған ажарлы Астанамыздың әр көшесіндегі қалт еткен өзгерісті мүлт жібермей дүйім жұртқа, тіпті жер жаһанға қуана жар салып, жақсылықты жария етуге асығатын да осы - ҚазАқпарат.

Рас, «ҚазАқпарат» - қоғамның әр саласында қызмет ететін сан түрлі мамандық иесі үшін де іздегенін табатын, көргенін алатын ашық алаң. Ол тарихшыға дерек берсе, қаламгердің қажетіне жарап, саясаткердің сөзі бола білді. ҚазАқпаратта өзге отандық ақпараттық агенттіктерінде жоқ тілшілер желісі бар. Әсіресе, Ресей, Қытай, Түркия, БАӘ, Бельгия, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан елдеріндегі тілшілер жұмысын атап айту керек. Демек, елімізде және әлемде болып жатқан жаңалықтарды on-line режимінде жедел әрі шынайы таратып қана қоймай, біз бейбіт Қазақстанның өз ақпарат кеңістігін көрсете білдік. Біздің агенттікте Қазақстанның фотоэпопеясын жасаған өз ісінің хас шеберлері әр жылдары жұмыс жасады. Олар: Анатолий Устиненко, Юрий Беккер, Иосиф Будневич, Еркебұлан Нұржанов, Михаил Чумин, Николай Кузнецов, Валерий Шипулин. Фотография саласының мэтрі Александр Павский агенттікте қызметін жалғастырып келе жатса, Мұхтар Холдорбеков пен Виктор Федюнин - агенттіктің бүгінгі фотошежіресін жасаушылар. Құрметті оқырман, ҚазАқпараттың СӨЗІ - сіздің сөзіңіз, оның ТҰРАҚТЫ ҰСТАНЫМЫ, СЕНІМДІ ҚЫЗМЕТІ қашан да ел пайдасына жарауға әзір. ҚазАқпарат - қарапайым қызметші мен саяси биліктің алтын көпірі. Сөз соңында, «Мың естігеннен бір көрген артық» дегендей, агенттік фототілшілері әр жылдары түсірген ФОТОРЕПОРТАЖЫМЫЗДЫ назарларыңызға ұсынамыз.

«ҚазАқпараттың» бүгінгі қуанышы баршамызға құтты болсын! «ҚазАқпарат» ХАА назарындағы ҚАЗАҚСТАН (ФОТО)

Алмас МҰҚАШҰЛЫ