Шартта жеке тұлғалардың қолма-қол ақша қаражатын кеден аумағынан өткізудің бірыңғай тәртібін белгілеу мақсаты көзделген

АСТАНА. Қазанның 30-ы. ҚазАқпарат - Кеден шекарасы арқылы өткізілетін ақшаларды реттеуге бағытталған құжат заңмен бекітіледі. Осы орайда Үкімет «Жеке тұлғалардың кеден одағының кеден шекарасы арқылы қолма-қол ақша қаражатын және (немесе) ақша құралдарын өткізу тәртібі туралы шартты ратификациялау туралы» заң жобасын Мәжілістің қарауына берді.

Жеке тұлғалардың қолма-қол ақша қаражатын және (немесе) ақша құралдарын Кеден одағының кеден аумағына не кеден аумағынан өткізудің бірыңғай тәртібін белгілеу мақсатында 2010 жылғы шілденің 5-інде Астана қаласында ЕурАзЭҚ Мемлекетаралық кеңесінің отырысында мемлекет басшылары деңгейінде Жеке тұлғалардың Кеден одағының кеден шекарасы арқылы қолма-қол ақша қаражатын және (немесе) ақша құралдарын өткізу тәртібі туралы шартқа қол қойылды.

Шарттың 3 және 4-баптарына сәйкес, баламасы 10 мың АҚШ долларынан асатын жалпы сомадағы қолма-қол ақша қаражатын және (немесе) жол чектерін жеке тұлғалардың Кеден одағының кеден аумағына әкелуі немесе жеке тұлғалардың Кеден одағының кеден аумағынан әкетуі әкелінетін, не әкетілетін қолма-қол ақша қаражатының және (немесе) жол чектерінің барлық сомасына жолаушылардың кедендік декларациясын беру арқылы жазбаша нысанда кедендік декларациялануға жатады.

Шартта белгіленген кедендік декларациялау тәртібі жеке тұлғалардың Кеден одағының кеден шекарасы арқылы қолма-қол ақша қаражатын және (немесе) ақша құралдарын өткізу кезінде заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жөніндегі шаралардың тиімді қолданылуын қамтамасыз етеді.

«Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы» 2005 жылғы мамырдың 30-ындағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес аталған заң жобасы ратификациялануға жатады.

Аталған заң жобасы бойынша Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті жұмыс тобын құрып, қорытынды әзірлейтін болады.