Шаруа қожалықтары «ҚазАгро» холдингін инвестор әрі серіктес ретінде бағалайды
15:54, 02 Маусым 2009
АСТАНА. Маусымның 2-сі. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Өткен аптаның соңында «ҚазАгро» Ұлттық холдингі бірқатар БАҚ өкілдеріне Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарын аралатты.
Ондағы басты мақсат - журналистерді Үкіметтің дағдарысқа қарсы бағдарламасы аясында «ҚазАгро» холдингінің инвестициялық жобаларының жүзеге асырылу барысымен таныстыру, сондай-ақ ауыл шаруашылық кәсіпорындарына бөлінген несиелік ресурстардың қалай ұқсатылып жатқанынан хабардар ету болды. Ұлттық қордан бөлінген қаржының есебінен «ҚазАгро» холдингі егін егу жұмыстарының қарсаңында ауылшаруашылық кәсіпорындарын несиелендіруде. Бүгінгі күні холдинг жалпы сомасы 44 млрд. теңге болатын 400-ден астам жобаны қаржыландырып үлгерген. Үкіметтің дағдарысқа қарсы бас жоспарына сәйкес, аталмыш несие астық өндірушілерге жылына 8 пайыздық үстемақымен берілуде. Сапар Ақмола облысы Жақсы ауданы Запорожье ауылындағы «Запорожье» кәсіпорынынан басталды. Бұл кәсіпорынның өндірісі астық шаруашылығына негізделген. Егіс алқабының жалпы ауданы - 47 мың гектар. Шаруашылық заманауи техникалармен қамтамасыз етілген. Оның меншігінде 80-ге тарта трактор, 90 комбайн, 75 автокөлік бар. 2007 жылы мұнда американдық технологиямен 20 мың тонна астық сиятын қоймалардың құрылысы салынған. Серіктестіктің директоры Сергей Чепурнойдың айтуынша, құны 300 млн. теңгеге бағаланып отырған қоймалар дәнді дақылдардың ылғалдылығын сақтауға арналған, ол шаруа қожалығына қыстан уайымсыз шығуға кепілдік береді. Аталмыш шаруашылық биылғы көктемгі егіс жұмыстарына «ҚазАгро» холдингі арқылы 3 траншпен 1 млрд. 180 млн. теңге көлемінде несие алған. «Бұл қолдау дер кезінде көрсетілді. Көктемдегі қыруар жұмыс оңтайлы шешімін тауып, егін егу жұмыстары аяқталып қалды. Осы қаражатқа ауыл шаруашылығы техникалары сайланып, тыңайтқыштар мен химиялық құралдар сатып алынды. Жанармай, дизель отындарымен толық қаматамасыз етілдік. Енді егін науқаны кедергілерсіз өтіп, астық алаңсыз орылатын болды», дейді С.Чепурной. - Қазіргі әлемді жайлаған дағдарыс жайында ақпарат құралдарынан естіп, біліп отырамыз. Бүгінгідей қамқорлық болмағанда, мүмкін біз де тұрақсыздыққа тап болар ма едік? Бірақ біз Үкіметтің қолдауымен қаржы тапшылығын көрмей, астық алқабының көлемін азайтуға жол бермедік. Себебі науқан басталар алдында қаражат кешіктірілмей берілді. Бұдан артық қандай қолдау керек? -, дейді ағынан жарылған шаруа қожалығының басшысы. Халық ішінде «бір кісі жаққан отқа мың кісі жылынады» деген нақыл сөз бар. Бұл шаруашылық Запорожье ауылындағы әлеуметтік маңызы бар нысандар мен мәдени ошақтарға материалдық жағынан қолдау көрсетіп тұрады екен. Мәселен, кәсіпорынның ақшасына былтыр құны 63 млн. теңге болатын спорт кешені салыныпты. Мәдениет үйі толықтай жаңғыртылып, ойын, кино, би залдары ашылған. Жапондық Панасоник киноэкраны орнатылған. Шаруашылық 200-ге тарта ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтып отыр.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Нұр Отан» Халықтық демократиялық партиясының кезектен тыс XII съезінде аграрлық-өнеркәсіптік кешенді және ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуді дамыту бірінші басымдық ретінде белгілеген болатын. Ал, одан кейін іле-шала болған ҚР Қауіпсіздік кеңесінің отырысында агрөнеркәсіптік кешенді дамыту мәселесі жан-жақты талқыланды. Онда Елбасы «еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету - Қазақстанның таяу 10 жылдағы стратегиялық міндеті екенін» қадап тұрып айтты. «Азық-түлік тағамдарын өндіруде Қазақстан әлемде салмақты орынды иеленеді. Бізге еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін көп жұмыс істеу керек. Бұл біріншіден. Екіншіден, біз өзіміздің ауыл шаруашылығымызды инновациялық экономиканың бір саласы ретінде дамытуымыз қажет», деген Мемлекет басшысы, осы орайда еліміздің Ішкі жалпы өніміндегі ауыл шаруашылығының қосылған құнының көлемін және ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорттағы жалпы көлемін ұлғайту бұл салада орындалуы тиіс басым міндет екенін атап көрсеткен-ді. Журналистер табан тіреген келесі бір нысан ? Президент белгілеген жоғарыдағы міндеттерді орындауға үлес қосып келе жатқан «НұрАл» ЖШС болды. Қостанай облысы Қарасу ауданы Целинное ауылында жұмыс істеп жатқан бұл кәсіпорын өңірдегі бетке ұстар ең ірі шаруашылықтардың бірі. 60 мың гектар егістік алқапқа дәнді дақылдар сеуіп, Целинное ауылының ырысын молайтып отырған жайы бар. Ауылдың әлеуметтік инфрақұрылымы дамыған, көшелері тартымды. Шаруашылықта 240 адам жұмыспен қамтылған. Орташа жалақы 45 мың теңге. Ауылда спорттық, ойын-сауықтық кешендер салынып, халыққа қызмет көрсету орталығы, қонақ үй, сауықтыру орындары жұмыс жасайды. Тұрғындарға сандық телефон желілері орнатылып жатыр. Ұлттық қордан бөлінген қаржының есебінен «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» «НұрАл» ЖШС-ін 241 млн. теңгеге қаржыландырған. «Біз «ҚазАгро» холдингін инвестор әрі серіктес ретінде бағалаймыз. Холдинг бізді қаражаттармен қамтамасыз ете отырып, шаруашылығымыздың тұрақты дамуын нығайтты», деді несиенің маңызын сөз еткен «НұрАл» ЖШС директоры Александр Плаксун. Оның айтуынша, жыл сайын қожалық 1 гектар егістік алқаптан 12-14 центнер өнім жинап алады. «Бұл салада тұрақтылық орнап отыр. Кеңес заманында әр гектардан 20 центнерден өнім алатынбыз. Бірақ кейде 3 центнер өнім алған кездер де болды. Сондықтан бүгінгі ахуал әрине қуантады. Биыл әр гектардан алынатын өнім 18 центнерден аз болмайтынын болжап отырмыз. Себебі осы жылы жер құнарлы, ылғалды», дейді ол. Бұдан кейін БАҚ өкілдері Солтүстік Қазақстан облысының Ғ. Мүсірепов ауданына қарасты Бірлік ауылындағы «Әліби-Есіл» кәсіпорнына ат басын тіреді. Шаруашылықтың 20 гектар егіс алқабы бар. Кәсіпорын ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру, өңдеу, сату қызметтерін жолға қойған. Кәсіпорында астықты егетін, жинайтын, бастыратын қысқасы бірнеше функцияны қатар атқара алатын Джон Дир, Кейс техникалары бар. Бүгінде кәсіпорын дәнді дақылдарды өңдеуге арналған БИС-100, Алмаз кешендерімен және кептіру орындарымен қамтамасыз етіліп отыр. Аталмыш шаруашылыққа көктемгі егін егу жұмыстарына «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» арқылы 3 траншпен жалпы сомасы 535 млн. теңге несие берілген. «Уақтылы тиген қаржының арқасында қиын жағдайдың алды алынды десе де болады. Себебі ана бір жылдары қыруар қаражатқа жаңа техникалар сатып алып, көктемгі егін егу жұмыстарын жүргізу үшін несиеге зәру болып қалғанбыз. Бұл несие болмағанда биылғы науқан тірлігі ауыр жағдайда қалатын еді», деді «Әліби-Есіл» кәсіпорнының басшысы Матвей Сорняков.Бірлік ауылы түрлі ұлт өкілдерінің басын біріктірген, берекелі ел ретінде есте қалды. Ауылда «Кемпірқосақ» этникалық клубы жұмыс жасайды. Клуб Қазақстан халқы Ассамблеясының жергілікті жердегі шағын өкілдігі іспетті. Онда аудан қарамағында орналасқан елдімекендердің барлық ұлт өкілдерінің басы бірігіп, мәдени шаралар өткізіліп тұрады. Сонымен қатар, ауылда шағын кәсіпкерлік өркендеп келеді. Бірлікте инкубатор, наубайхана, шаштараз, тігін цехы, асхана жұмыс жасауда. Әлеуметтік салада да қыруар жұмыстар атқарылған. Кәсіпорын қаражатына студенттердің оқу ақысы төленеді, балаларға жазғы лагерлерге жолдама беріледі. Спорттық кешендерден теннис, бильярд және 4 волейбол залы, 2 стадион, 2 футбол алаңы бар. Міне біз осылайша «ҚазАгро» холдингінің жер-жерлердегі шаруа қожалықтарына көрсетіп жатқан көмегінің бір парасын көзімізбен көріп қайттық. Шаруалар Үкіметтің Дағдарысқа қарсы бағдарламасын оң бағалап отыр. Ең бастысы әлемдік нарықта қаржылық ресурстар тапшылығы білініп отырған тұста, істерін дөңгелету үшін қаржы жағынан таршылық көріп отырған жоқ. Жалпы қазіргі әлемнің дамуындағы экономикалық ерекшеліктер азық-түлік тауарларының тапшылығы проблемасын және азық-түлік тағамдарының бағасын алдыңғы қатарға шығарып отыр. Әлемдік азық-түлік нарығындағы жағдайды ескере отырып, Елбасы белгілеген еліміздің экспорттық әлеуетін кеңейту, агроөнеркәсіптік кешеннің бәсекеге қабілеттілігін жоғарылату міндеті аса үлкен мәнге ие бола бастады. Сондықтан Үкімет бүгінде агроөнеркәсіптік сектордағы өңірлік инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға бел шеше кірісіп кетті. Мұндағы басты мақсат ? орталықазиялық өңірге азық-түлік тағамдарының негізгі жеткізушісі ретінде осы аймақтағы жетекші позицияны иелену. Бұған республикамыздың түкпір-түкпіріндегі шаруа қожалықтары да қал-қадерлерінше үлес қосып жатыр.