Шаруалар несие алу үшін қағаз құжат тапсырып жүр – Үкімет цифрлық шешімдерді көбейтеді

Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Диқандарды цифрлық шешімдерді кеңірек қолдануға ынталандыру қажет. Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында айтты. 

Цифрлық технологиялар климаттық сын-қатерді болжауда, өнім көлемін бағалауда, сондай-ақ өсімдіктерді зиянкестерден қорғау құралдары мен тыңайтқыштарды тиімді пайдалануда маңызды рөл атқарады.

Цифрландыру су ресурстарын да оңтайлы басқаруға мүмкіндік береді. Үкімет басшысы мүдделі мемлекеттік органдарға отандық технологиялық шешімдер мен стартаптарды осы жұмыстарға тартуды тапсырды.

— Шаруалар осы уақытқа дейін несие алу үшін қажетті анықтамаларды қағаз түрінде тапсыруға мәжбүр. Бұл — өте қолайсыз әрі тым ұзақ. Ауыл шаруашылығы министрлігіне Цифрлық даму министрлігімен және «Бәйтерек» холдингімен бірлесіп, диқандарға тиімді әрі ашық мемлекеттік қолдау көрсету үшін жеңілдетілген несие берудің техникалық рәсімін оңайлатып, оны цифрлық форматқа ауыстыруды тапсырамын, — деді Олжас Бектенов бүгінгі Үкімет отырысында.

Ал Су ресурстары министрлігі вегетациялық кезеңде фермерлерді егінге қажетті сумен үздіксіз қамтамасыз ету шараларын қабылдауы қажет.

— Диқандарды тамшылатып және жаңбырлатып суару жүйесіне көшуге ынталандырып, су үнемдеу технологияларын енгізу жұмыстарын күшейту керек. Солтүстік және шығыс өңірлердің әкімдіктері қар тоқтату және су қорын жинау шараларын жүргізуі қажет. Экология министрлігі егін егу мерзімдерін алдын ала жоспарлап, ауа райының өзгеруіне байланысты жедел әрекет ету үшін диқандарға метеорологиялық болжамдарды уақытылы беріп отыруға тиіс, — деді Премьер-министр.

Бұған дейін Олжас Бектенов егін жұмыстарына үшінші жыл қатарынан қомақты қаржы бөлініп отырғанын айтқан еді.

Сондай-ақ шаруаларға арналған дизель нарықтағы бағадан 15% арзан болады.