Шаруалар жеңілдетілген лизингпен 369 техника сатып алды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Фермерлер жеңілдетілген лизинг бағдарламасы аясында 369 ауыл шаруашылығы техникасын сатып алды, хабарлайды ҚазАқпарат.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, ж еңілдетілген лизинг бағдарламасы іске асқан бір ай ішінде «ҚазАгроҚаржы» АҚ-ға 43,6 млрд теңге сомасына 1089 бірлік ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға өтінім түскен. Оның ішінде 16,6 млрд теңгеге 369 техника қаржыландырылды.

«Жеңілдікпен кредит беру шарттары:

Лизинг мерзімі - 10 жылға дейін;

Сыйақы мөлшерлемесі - жылдық 6 %-бен ;

Лизинг бойынша бастапқы жарна (аванс) - 0%;

Негізгі қарызды қайтару бойынша жеңілдікті кезең - 1 жыл», - деп жазды ведомстводан.

Бір лизинг алушыға қаржыландыру сомасы - 205 млн теңгеден және үш ауыл шаруашылығы техникасынан аспайды. Қаржыландыру екі жылдық кезең ішінде бір-ақ рет беріледі.

Еске сала кетейік, жеңілдетілген несие бағдарламасы 20 жылға есептелген және револьверлік сипатқа ие. Оны іске асыру үшін 40 млрд теңге бөлінген, бұл сомаға Қазақстанда жасалған 1000-ға жуық ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу жоспарланып отыр.