Шаруаларға арналған дизель нарықтағы бағадан 15% арзан болады – министр

Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Көктемгі егін жұмыстары үшін шаруаларға дизель отыны жанар-жағармай станцияларынан 15% арзанырақ бағамен беріледі. Бұл туралы Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Үкімет отырысында айтты.

Жыл басында Энергетика және Ауыл шаруашылығы министрліктері «2026 жылғы көктемгі дала жұмыстарына 402 мың тонна дизель отынын беру кестесін» бекіткен еді.

– Шаруаларға арналған дизель отыны қозғалысының ашықтығы мен бақылауын қамтамасыз ету үшін жеке ПИН-кодтар алынды, дизель түсі сары, көк және қызылға боялды, электрондық шот-фактура жүйесіне дизель үшін бөлек виртуалды қойма құру шаралары қабылданды. Бұл шаралар мұнай жеткізушілердің дизель отынын операторларға мақсатты түрде нақты жеткізуді қамтамасыз етеді, – деді Энергетика министрі.

Жөнелту көлемі ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің өтінімдеріне, төлем жүргізуіне және вагондарды ұсынуына байланысты болмақ.

Айта кетейік, 23 ақпандағы жағдай бойынша дизель бағасы Астанада литріне 327-333 теңге, Алматыда – литріне 330-335 теңге және Шымкентте – литріне 333 теңгеден сатылып жатыр