Шаруаларға Кепілдік беру қоры құрылуы мүмкін

АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев Үкімет отырысында ауыл шаруашылығын субсидиялау жүйесі қалай реформаланатынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Субсидиялау жүйесін реформалау аясында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің ішкі нарыққа, соның ішінде отандық қайта өңдеу кәсіпорындарына шикізатты жеткізу бойынша қарсы міндеттемелерді қабылдау көзделген», - деді министр.

Сондай-ақ, ол «астық қолхаты» тетігі қалай енгізілетіні туралы жоспарын бөлісті.

«Мемлекет басшысының астық қолхаттары институтын дамыту жөніндегі тапсырмасын орындау шеңберінде қолданыстағы заңнамаға астық қолхатын кредит алу үшін кепілзат ретінде тану бөлігінде өзгерістер мен толықтырулар енгізу жұмыстары жүргізіледі. Сондай-ақ белгiленген лимит шегiнде жүз пайыз кепiлдiк берiлетiн екiншi деңгейдегi банктерде орналастырылған депозиттерге мiндеттi кепiлдiк беруге ұқсас мемлекет деңгейінде арнайы Кепiлдiк беру қорын құру мүмкіндігі қаралады», - деді ведомство басшысы.