Бұл туралы бүгін селекторлық форматтағы Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаев мәлім етті.
«Әкімдіктердің мәліметтеріне сәйкес бүгінгі таңда дәнді-дақылдардың тұқымымен шаруашылықтар 98 пайызға қамтамасыз етілген»,-деді А. Күрішбаев.
Министрдің атап өтуіне қарағанда, былтырғы жылы қуаңшылықтан зардап шеккен Ақтөбе мен Батыс Қазақстан облыстарында тұқым тапшылығы орын алып отыр. Оларда жалпы 50 мың тоннаға жуық тұқым жетіспеушілігі байқалады.
«Барлық жерлерде тұқымның сапасын тексеру жұмыстары жалғасуда. Қазіргі уақытта қолда бар тұқымның 86,4 пайызы тексеріліп, оның 99 пайызы себу сапасына сәйкес екендігі анықталды»,-деді ол.